«MIRAS» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ БИЫЛҒЫ ЖҰМЫСЫ ТҮРКІСТАНДА БАСТАУ АЛДЫ

«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы көшпелі отырысы рухани шаһар Түркістаннан бастау алды.

Кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай алдымен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайындағы “Бабадан қалған мұралар” атты көрмені аралады. Мұнан соң сапардың негізгі бөлігі басталды.

Көшпелі отырысқа өңірлік кеңестің мүшелері, облыстың зиялы қауым және мәдениет өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, белгілі профессорлар, ҮЕҰ мүшелері қатысты. Сонымен қатар, көршілес Өзбекстан мемлекетінен келген арнайы қонақтар да болды.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Әуелгісі партияның сайлауалды бағдарламасындағы мәдени және зияткерлік қоғам, біртұтас, ұйымшыл ұлт және азаматтық қоғамды дамыту мәселелері бойынша тармақтардың Түркістан облысында жүзеге асырылуы болса, екіншісі Түркі халықтарының мәдени-рухани ықпалдастығы туралы ойлар ортаға салынды.

Алғашқы сөз саяси ұйымның аймақтық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевке берілді. Ол өзекті тақырыптарды қозғайтын және ұлы бастамаларға ұйытқы болып отырған кеңес жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев Жол картасы тармақтарының 2022 жылы орындалуы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Айтуынша, бағдарлама аясында соңғы екі жылда 8 мәдени салынып, пайдалануға берілген. Тозығы жеткен 14 мәдениет нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда қолданыста. Бұл жұмыстар ауылды жерлерде жалғасын табады. Ал өңірлік қоғамдық кеңестің төрайымы Қалыйма Жантөреева былтырғы жылдың нәтижелерімен бөлісті.

  • Жұмыс жоспарға сәйкес, облыстық кеңестің 4 отырысы өткізілді. Жалпы есепті мерзімде қоғамдық кеңес тарапынан мемлекеттік мекемелермен басқа да ұйымдарға 41 ұсыныс беріліп, оның 90%-ы орындалды. Депутаттық сауал жолдауымның нәтижесінде Шардара ауданында «Qazaq radiosy» мен «Шалқар» радиосының, Жетісай мен Мақтаарал аудандарында «Qazaq radiosy» жиілігін тарататын радиоқондырғы орнатылды, – деді Қ.Жантөреева.

Отырыс барысында кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Бекжігіт Сердәлі композиторлардың авторлық құқығы қорғалып, шығармашыл тұлғаларға мемлекеттік стипендия немесе грант қарастыру туралы ойын айтты. Ал, Тельман Бейсен өңірдегі тарихи-мәдени мұралар, жәдігерлер, ескерткіштер мен киелі орындарды мемлекеттік қорғау тізіміне алуға ықпал жасайтындай комиссия құрылса деген тілегін жеткізді. Абай Балажан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, балалардың ынтасын ояту үшін шаралар қабылдану керектігін алға тартты.

Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан да жарыссөзде ой алмасты. Қолдаулардың аясында 2022 жылы «Бөрте» қойылымы бойынша өнер саласындағы тұңғыш «UMAI» Ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанғанын ерекше атап өтті. Дегенмен ол мемлекеттік сатылымның театрларға қойылым қоюға бір шама кедергі жасап жатқандығына назар салуды сұрады.

Аталмыш білім қабырғасының ректоры, кеңес мүшесі Жанар Темірбекова түркі халықтарының рухани-мәдени ықпалдастығын арттыруға байланысты жүзеге асқан істер мен жобалар туралы баяндап өтті. Университеттің Түркология-ғылыми зерттеу институтының директоры Булент Байрам жойылуы мүмкін түркі тілдері бойынша жүргізілген зерттеулерге тоқталды.

Өзбек елінің белгілі хореографы, ф.ғ.д Хулкар Хамраева: «Әділетті Қазақстан – 130 ұлт пен ұлысты бауырына басып, оның ішінде өзбек азаматтарына көрсетіліп жатқан қолдау деген ұғымға саяды» деді. Рухани-мәдени қарым-қатынасты нығайтуда «AMANAT» партиясына арқа сүйейтінін білдіріп, сый-сыяпатын тарту етті.

Аманжол Дүйсенбайұлы көшпелі отырыстың рухани шаһарда өткізілуінің маңыздылығын жіктей келе:

  • Түркістан – дала данышпандарының ізі қалған, түркі жұртының құты қонған, ғылымымыз, біліміміз және мәдениетіміздің қастерлі қарашаңырағы әрі саяси орталығы. Бүгін зиялы қауым өкілдерінің айшықты ойлары тыңдадық. Проблемаларды ашық айтылды. Біз жинақтап, Орталық деңгейде шешуге үлесімізді қосамыз. Кеңестің басты мақсаты да осында. Ұсыныстарыңызды алдағы уақытта көтеремін. Өңірді әрі қарай дамытуға күш салу бәріміздің ортақ міндетіміз, – деген А.Әлтай жиынды қорытындылады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған