МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОЙЛАУ – БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАУ

Мемлекеттік тілді оқып-үйрену, меңгеру – Қазақстан азаматтарының парызы мен міндеті саналып, бәсекеге қабілеттілігі және қоғамдық өмірге араласуының белсенділігін айқындайтын ынталандырушы тетік болуға тиіс. Үкіметтің «Үш тұғырлы тіл»-саясатын іске асыру,басқа да ұлт тілдерінің дамуына ықпал ету қазақ халқын біріктіруші фактор болып табылады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың  жолдауында  да (31.01.2017) мемлекеттік тіліміздің  сақталатынын оның ары қарай дамитынын атап көрсетті.  Бұл – туған  тілдің саяси мәні мен мағынасын, мемлекеттік мазмұнын  анықтайтын  үндеу  деп  түсіну  қажет.  Мемлекеттік тілді ойлау – болашақты ойлау деген сөз.

Тіліміздің  сақталуына  және  дамуына   «BASQAZHOL» клубының жігіттері өз үлестерін қосуда. Соның ішінде, атап айтар болсам өзге ұлт өкілі, клуб жетекшісі Александр  Водолацкийді  мақтан  тұтамын. Себебі, сабаққа тек өзі ғана емес, жұбайы мен 5 айлық сәбиін, сонымен қатар клуб мүшелері Виталий, Евгений, Артемды да қоса  білім алуға шақырып,  әр сабаққа жауапкершілікпен қарап, бірде-бір  сабақты  жібермей, қосымша  сұрақтар қойып, әрбір  сұрағыма  қазақша  жауап  бергенде  еріксіз риза боламын және құрметтеймін. Өйткені жігіттердің  мемлекеттік  тілге деген құрметіне алғысым шексіз.  Өзге ұлт өкілінің Қазақстанда өмір сүріп, мемлекеттік қазақ тілін құрметпен   және лайықты оқып-үйрене  бастағандығын  атап өтудің өзі мені қатты қуантады. Бүгінде  мемлекеттік  тілді  еркін меңгерген ересек тұрғындардың  үлесі  басым.  Бұл – Тәуелсіздігімізді айғақтайтын орасан зор жетістік!

Кезекті  алғашқы  сабақта, үйге тапсырма берілді.Сонда мені  үй тапсырмасын тыңғылықты, жауапкершілікпен  орындап  келіп,  әр сабаққа жіті  дайындалып, жауап беріп, сабақтан соң ризашылықтарын білдіріп кететіндері қуантады. Елбасымыз айтқандай: «Мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы». Демек бұл азаматтар мемлекетіміздің  тілін  ойлау – болашақты ойлау екенін біледі. Тілімізді сақтау, елімізге, болашақ  ұрпақтарымызға қалдыратын  ұлы мұрамыз  екенін жанымен ұғынатыны, соның ішінде өзге ұлт өкілдерінің мемлекетінің тілін,мекенін сыйлайтыны, тілге деген құрметтері  мені кәдімгідей  қуантып тастады. Ұлты басқа болса да, рухы мен жаны қазақ жігіттер нағыз қазақ! Мемлекетіміздің  қорғаушы  азаматтары(қорғаушы деуімнің себебі, спорт шеберлері) осындай болса, мен еш қорықпастан біздің болашағымыз мықты!-дей аламын… Ал мен бұл жігіттермен қалай мақтанбаймын, кішкентай сәбиімен бар жұмысын тастап, қазақ елінің тілін үйренуге мені қоймай шақырып, еңбекпен сөздерді жаттап, менімен менің тілімде сөйлесуге әрекеттенген жігіттерге алғыстан басқа айтарым жоқ, шексіз ризамын. Сол сәтте кеудемді қуаныш кернеп, өз туыстарымдай, бауырларымдай жақсы көріп, ұстаздық мамандықты таңдағаныма қуанамын!

 Гүлшахар Өтебайқызы,

Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған