МАҚТААРАЛДЫҚТАР 7-20-25 БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА БАСПАНАҒА ИЕ БОЛАДЫ

Бүгінде Түркістан облысының бас қаласы Түркістан ғана емес, аймақтағы аудан орталықтары құрылыстың ордасына айналып үлгерді. Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте  абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары мен аяқжол, жол құрылыстары жүргізілмек. Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда 39 елді мекеннің бас жоспары жасалуда. Сонымен қатар, мектептер, мәдениет үйлері, әкімшілік ғимараттары, көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеретін болады.

Мырзакент кентін ұлғайтуға арналған 160 гектар жер теліміне көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін биыл егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде. Жоба әзірленгеннен соң аталған жер инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталмақ. Осылайша бірнеше жылдан соң мақтааралдықтар 7-20-25 бағдарламасы аясында баспанаға ие бола алады.

Жаңадан құрылған Мақтаарал ауданының дербес бөлімдерін заманауи ғимаратпен қамтамасыз ету мақсатында Мырзакент кентінен әкімшілік ғимаратының құрылысын бастау үшін СЖТ әзірленіпті. Сондай-ақ, Еңбекші және Жамбыл ауылдық округтерінің орталықтарынан мәдениет ошақтарын дамыту мақсатында 2 мәдениет үйі және кітапхана құрылысына биыл жобалық сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған.

Бірлік ауылдық округі, Пернебаев елді мекенін кеңейтуге бөлінген 5 гектар жер теліміне ауызсу және электр жарығын алып бару үшін жобалық сметалық құжаттама дайындалу үстінде.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында республикалық бюджет есебінен 2 және облыстық бюджет есебінен 5 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.  

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған