ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты. А. Мамин сессия барысында мәслихат депутаттарына Мемлекет басшысының Ө. Шөкеевті Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындау ұсынысы туралы хатын оқып берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша, депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-Министр Түркістан облысының активімен өткен кездесуде Ж. Түймебаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Түркістан қаласының алғашқы әкімі ретінде ол облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру, жаңа облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымын ұйымдастыру, көші-қон мәселелерін, жаңа қаланың ауқымды құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірқатар жұмыстарды атқарды.

А. Мамин облыстың жаңа әкімін таныстыра отырып, Ө. Шөкеевтің Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Астана қаласының әкімі ретінде аталған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті. Бұдан өзге, Премьер-Министрдің Орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі ретінде өзін іскер, тәжірибелі басшы және жоғары деңгейдегі ұйымдастырушы ретінде көрсетті. Кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі әлеуметтік маңызды міндеттерді сапалы орындап, Мемлекет басшысының сенімін ақтауға мүмкіндік береді.

«Түркістан облысының дамуы Елбасының ерекше назарында. Мемлекет басшысының бастамасымен қасиетті Түркістан қаласында жаңа үлкен құрылыс басталды», — деп А. Мамин, жергілікті атқарушы органдар алдында жаңа қаланың жаңғыруын уақытылы қамтамасыз етіп, бүкіл түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде өркендету және оны қарқынды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша үлкен жауапкершілікті жүктейтін міндеттер қойылғанын атап өтті.

Фото: ontustik.gov.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған