ЕГІН-МАЛ ШЫҒЫНДАРЫ ТОЛЫҚ ӨТЕЛЕДІ

Мақтаарал ауданында жалпы көлемі – 7639 гектар ауыл шаруашылығы жерлері зақымданған. Ал мал шығыны 297-ні құрады. Барлық шығындар есептеліп, Үкіметке ұсынылды. Алдағы уақытта өтемақы жасалатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметін өткен брифингте облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.

– Ауданда 11 елдімекеннің егістіктері зақымданған. Жалпы   1 мыңнан астам ауылшаруашылығы тауар өндірушілер тізімі жасақталды. Біз 7639 гектар егістіктің шығынын 4 млрд. 1 млн. теңге көлемінде есептеп, Үкіметке ұсындық. Комиссия шешімі бойынша әр дақыл түріне орай өтемақы жасалады. Ал ветеринариялық жағдай бойынша 297 мал зардап шеккен: 58 бас сиыр, 227 қой-ешкі, 16 жылқы, 2 түйе және 227 үй құстары суға аққан.

Барлығын жою жұмыстары жүріп жатыр. Мал шығынын өтеу үшін нарықтағы баға бойынша 32 млн теңге шығынды есептеп, Үкіметке ұсынып отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Басқарма мамандары өлген әр малдың фотосын түсіріп, актісін дайындауда. Мал мен егіннің өтемақылары төтенше жағдайға байланысты ашылатын азаматтардың жеке шоттарына аударылады. Қосымша шот ашудың қажеті жоқ. Су тартылғаннан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы мамандар келіп, жердің құрамын, зақымданған күйін тексереді.

MIXNEWS.KZ

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған