ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп белгілеген болатын. Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен жас мамандарға қолдау көрсету, оларды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында мемлекеттік қызметке кіру шарттары мен тәртібін түсіндіру жұмыстары бойынша «Достық үйінде» кездесу өтті. 

Кездесуге облыстағы мемлекеттік мекемелердің азаматтық қызметшілері мен жастар практикасы бойынша еңбек етіп жүрген бір топ мамандар қатысты.

Еркін форматта өткен кездесуде Департамент басшысы Нұргүл Жанназарова жастарға өзінің еңбек жолының бастауындағы қызықты сәттер мен мемлекеттік қызметке келгендегі айқын мақсатын ашық түрде айтып берді. Сонымен бірге қазіргі таңдағы өңіріміздегі мемлекеттік қызметшілердің факторлы-балдық шкала бойынша еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі, мемлекеттік қызметшілерге арналған тестілеудің кезеңдеріндегі жеке қасиеттерін бағалаудың жаңа шарттарын арнайы әзірленген парақшалар арқылы түсіндіріп, мемлекеттік қызмет саласына еніп жатқан жаңалықтармен бөлісті. Олардың ішінде, мемлекеттік көрсетілетін қызмет саласы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы жаңашылдықтар, электронды қызмет алу, өзіне өзі қызмет көрсету салаларындағы өзгерістерді де атап өтті.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің беделі, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар арасындағы сенімді қарым-қатынастарды орнату жөнінде сөз қозғады. Себебі Агенттіктің кеңейтілген алқа мәжілісінде төраға Алик Шпекбаев  қызметшілердің жеткілікті түрде жоғары емес мәдениет деңгейі мен коммуникативтік дағдылары мемлекеттік органдардың беделіне кері әсерін тигізетін факторлардың бірі екендігін айтқан болатын. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшінің коммуникативтік құзыреттілік стандартын әзірлеу және енгізу ұсынылды. Бұл туралы департамент басшысы қатысушы жас мамандармен кері байланыс орнату арқылы кең көлемде түсіндіріп өтті.

Нұргүл Алмасқызы жастардың жеке пікірі мен ойын тыңдап, мемлекеттік қызметке орналасу барысында, әңгімелесу кезеңінде қызметкер немесе үміткер өзін қалай ұстау керек, қалай дайындалу қажет және тағы басқа осы секілді мәселелер төңірегінде өзіндік ақыл кеңестерімен бөлісті. Сонымен бірге, кездесу соңында бірқатар қатысушы атап айтқанда Жұлдызай Бұхарова, Дәулет Кемалұлы, Арман Төлегенов, Ақкөгершін Бекібаева, Арайлым Ықыласқызы және т.б. өздерінің көкейлеріндегі толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Жас маман Дәулет Кемалұлы мемлекет тарапынан немесе Агенттік тарапынан мемлекеттік мекемелердегі техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру жөніндегі ұсынысын білдірді.

Жиын соңында жастар департамент басшысына ашық әңгіме мен жылы жүздесу үшін алғыстарын айтып, ерекше әсер алғандарын, сонымен бірге, маңызды да қажетті ақпаратқа ие болғандарын айтты.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған