ӨРТТІҢ АЛДЫН АЛУ ОҢАЙ ӘРІ ҚАУІПСІЗ

Сауран ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері №24 өрт сөндіру бөлімі және №35 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен бірлесіп, Сауран ауданы аумағындағы тұрғындарымен ауа райының қатты суытуына байланысты «Өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау», «Газбен уланудың алдын алу» және «Тұрғын үйлердегі жылыту пештерін дұрыс пайдалану» тақырыптарында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы дайындалған жадынамалар таратылды. Бұл туралы Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ бұл бағыттағы іс-шараны Арыс ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі және Арыс қаласы әкімдігі ұйымдастырды. Жастар орталығының қызметкерлерімен бірлесе отырып, жылыту маусымы кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіп, жадынама парақтарын таратты.

Өкінішке қарай, жылыту маусымында тұрғын үйлердегі тұрмыстық өрттің саны артады, олардың себептері көбінесе жылыту жүйелері мен қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу, пешпен жылыту, электр желісін шамадан тыс жүктеу, сондай-ақ қарапайым немқұрайлылық. Сондықтан да жалпы қарапайым талаптардың орындалуы туралы алдын ала ойластырып, өрт сияқты апаттың алдын алуға болатынын тағы да еске салу маңызды. Егер сіз жеке үйде тұрсаңыз, жылыту маусымы басталмас бұрын пеш пен мұржасын тексеріп, оларды жөндеп, күйеден тазартып, жарықтарды жауып, мұржаны ағарту жұмыстарымен айналысуыңыз керек. Ал жылыту маусымы кезінде мұржаны тағы бір рет тазалау артықтық етпейді. Пештен шығаратын күл мен қоқысты қауіпсіз жерге шығарып төгуді ұмытпаған абзал.

Есіңізде болсын, пештің үстінде кептіруге қалған үй заттары мен басқа да жанғыш материалдар да қайғылы жағдайға әкеледі. Үйдегі жиһаздың орналасуын қарастырған жөн: кереует, перде, төсек-орын және басқа жанғыш заттар жанып жатқан пештің қабырғаларынан кемінде бір жарым метр қашықтықта болуы керек. Отынды, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пештің алдына жақын қоюға болмайды.

Зақымдалған немесе қорғаныс қасиетін жоғалтқан оқшаулағышы бар сымдар мен кабельдерді, зақымдалған розеткаларды пайдалану да аса қауіпті.

Электр шамдары мен шырақтарды қағазбен, матамен және басқа да жанғыш материалдармен орауға, электр қыздырғыш аспаптарын жанбайтын материалдардан жасалған тұғырықтарсыз пайдалануға, желіге қосылған тұрмыстық электр аспаптарын қараусыз қалдыруға қатаң тыйым салынады.

Үйден шыққан кезде барлық электр жылыту құралдарын өшіру қажеттігін ұмытпаған жөн. Пештерді жағу үшін бензин, керосин және басқа да жанғыш сұйықтықтарды пайдаланбаңыз. Жанып жатқан пешті қараусыз қалдыру немесе оларды қадағалауды жас балаларға тапсыру өте қауіпті!

Өртті сөндіргеннен гөрі оның алдын алу оңай әрі қауіпсіз екенін ұмытпаңыз! Өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз!

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған