ӨЗЕНДЕР БАСТАУ АЛАТЫН ӨҢІРДЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ҚАУПІ ЖОҒАРЫ

Түлкібас ауданында таулы аймаққа тән жауын-шашын басқа өңірлермен салыстырғанда едәуір көп жауады. Тиісінше өзендер бастау алатын өңірде су деңгейінің көтеріліп, төтенше жағдай туғызу қауіпі жоғары. Осы орайда бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан аумағындағы төтенше жағдайларды алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Марат Жанесен жүргізіп отырды.

Комиссия мүшелері мен ауылдық округ, кент әкімдері қатысқан алқалы жиында алдағы көктем мезгілінде орын алуы мүмкін су тасқынына қарсы дайындық мәселесі басты назарда болды.

Аудан аумағындағы қауіпті аймақтарды күшейту, арық-атыздарды уақытылы тазарту, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу сынды бағыттағы жұмыстарды дер кезінде атқаруды тапсырған комиссия төрағасы Марат Сүгірәліұлы өткен жылдардағы болған жағдайлардан сабақ алу керектігін ескертті. Ауданымыздың басым бөлігінен өтетін Арыс өзені мен Машат ауылдық округінің аумағындағы Машат өзенінің қауіпті аймақтарын бекіту жұмыстарын, қатаң бақылауда ұстауды ауыл әкімдеріне тапсырды. Сонымен қатар, су арнасын бұруға қажетті техника мен құрал-саймандарының жеткілікті болуын және жауапты мекемелер төтенше жағдайларға тәулігіне 24 сағат дайын болуын ескертіп, бекітілген алгоритмге сәйкес іс-қимылды тез арада орындау қажеттігін атап өтті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған