ҮЙДЕ ӨРТТЕН САҚ БОЛЫҢЫЗ

От – тілсіз жау екені белгілі. Осы орайда маған шланганың көмегі тиген бір оқиғаны баяндап бергім келеді.   Өйткені, өрт деп аталатын төтенше жағдайдың алдын алу үшін шланга әрбір үйде болуы тиіс екеніне өз басым көз жеткіздім. Сонымен басымнан өткен оқиғаны айтайын.

…Осыдан бірнеше жыл бұрын  жер үйде тұрып жатқан кезіміз. Электр желісі үйіміздің ауласынан өтетін.  Сол электр желілері желге тербеліп, бір-біріне соғылып, от ұшқындайтынын кейде байқап қалатынмын. Мән бермейтінмін. Бірақ ми қайнатар жаз мезгілінде болған мынау бір оқиға еш есімнен кетпесе керек. Тал түсте балаларды ұйықтатып, өзімнің де көзім ілініп кеткен екен. Бір кезде сытыр-сытыр еткен дауыстан атып тұрдым. Күйген заттың да иісі  келді мұрныма. Сыртқа  жүгіріп шықтым. Есік алдындағы үйілген шөптер сытырлап өртеніп жатыр. Лапылдаған қызыл өрт қураған сары шөптерді жалмап, үйге жақындап қалыпты. Есімді жоғалтып қоя жаздадым. Бір-ақ аттап, сарайдың бір бұрышында жатқан шланганы тауып алдым да, құбырдағы суға қостым. Өзім жалаңаяқ жүрмін. Табаныма батқан тас пен тікен байқалатын емес. Өрттің ішіне қалай қойып кеткенімді де білмеймін. Расын айтсам, сол сәтте әжептеуір жерді орап алған өртті бір өзім сөндіргеніме әлі күнге таңмын. Өртті сөндіріп болған соң әрең ес жинадым. Аяқтарым күйген, жырылған, тікен кірген. Көйлегімнің жартысы жанған… Бірақ өртті үйге жолатпай сөндірдім. Ал сол сәтте жеткен өрт сөндірушілер жағдайды өздері бақылауға алды. Егер шланга болмағанда мен өртті өз бетімше құрықтай алмас едім.

Өрттің ескі электр желілерінен шыққаны белгілі болды. Бұл жағдайдан кейін арнайы мекемеге хабарласып, өрт сөндірушілердің нұсқауы бойынша ескі жарық сымдарының ауыстыруына өтініш жаздық. Электр сымдары ауыстырылса да, мен сәл жел болса шланганы дайындап қоюды әдетке айналдырдым. Әрине, ол жағдай кейін қайталанбады. Төтенше жағдайлардың мамандары алдын алып, барлық шараларды жасап, өзіме де нұсқаулық беріп түсіндіріп кетті. Осы оқиғадан кейін мен су шашуға арналған шлангалар міндетті түрде әрбір үйде болуы тиіс деген ой түйдім. Осы орайда сол кездегі төтеншелік мамандардың маған ескертіп кеткен нұсқаулығын өздеріңізбен бөлісе кетуді жөн санап отырмын оқырман қауым.

Қазақ «Апат айтып келмейді» дейді ғой, айтқан жерден аулақ, дегенмен біле жүргеннің әбестігі жоқ деп ойлаймын. Ақпараттандырылған болсаң, демек сақтандырылғаның емес пе?

1.    Өрттің ауқымы кішкентай болса, крандағы сумен, болмаса қалың дымқыл матамен өшіруге тырысыңыз;

2.    Өрт ауқымды болса, 101 нөміріне хабарласып, өрт шыққан мекен-жайды, ненің қалай жанып жатқанын айтыңыз. Өзіңіздің атыңыз бен нөміріңізді де беріңіз. Ол өрт сөндірушілерді күтіп алып, өрт ошағына жедел апаруға керек.  «Менен де басқалар хабарласқан шығар» деп отыруға болмайды;

3.    Ғимараттағы барлық тоқ көздерін ажыратып, газ құбырларын жабыңыз;

4.    Егер өрт көп қабатты ғимараттың төменгі қабатында шықса, ғимараттың жоғарғы қабатына немесе төбесіне шығып, көмек күту керек;

5.    Далаға шығу жолдарында от болмаса, тез арада ғимаратты тастап шығыңыз;

6.    Өрт шыққан аумақтан өту үшін синтетикалық киімдерді шешіп, орнына жүн немесе мақтадан тігілген киім кию керек. Киімдерді сулап, басыңызға ішік, жейде, орамал сынды қалың дымқыл жамылғы жабыңыз. Дәл осылай мұрныңыз бен ауызыңызды да жабу керек. Ол түтіннен уланып қалудың алдын алады;

7.    Есіктерді қатты жабыңыз. Себебі от оттегі келіп, жел соққан сайын өрши түседі;

8.    Түтіннің арасынан еңкейіп, тізерлеп немесе бүк түсіп өту керек;

9.    Пәтерден шықпас бұрын есіктің ар жағында оттың бар-жоғын тексеріңіз. Ол үшін есікке жақын барып, оның тұтқасы сияқты металды жерлерін ұстап көріңіз. Ол ыстық болса, есікті ашпаңыз. Керісінше, есіктің саңылауларын дымқыл матамен бітеп тастаңыз. Есіктің бер жағына су шашыңыз;

10.  Ауыз-мұрныңызды дымқыл матамен жауып, пәтердегі барлық адамдарды балконға алып шығыңыз. Балкон болмаған жағдайда, терезені ашып, сырттағыларға белгі беріңіз. Олардың сізді естігеніне сенімді болсаңыз, барлық адамдарды алып, жуыну бөлмесіне кіріп, есігін ішінен мықтап жабыңыз. Ол жерде суды ағызып, үстілеріңіздегі барлық киімді сулау керек. Сол жерде көмек күтіңіз;

11.  Өрт шатырда немесе жертөледе шықса, өрт сөндірушілерді шақырып, олар келгенше өрт шыққан аумаққа апаратын есік-терезелерді, люктарды жауып тастау керек;

12.  Өрт шыққан үйден адамдарды эвакуациялау кезінде балалардың төсектің астына, сөрелер мен қуыстарға тығылып қалатынын естен шығармаңыз.

А. ЗАМАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған