Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібіндегі мәселе аудан көлемінде су тасқынынан келетін қауіптің алдын алу және дайындық жұмыстары туралы Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент ауыл округ әкімдері және Созақ ауыл округі әкімінің орынбасары хабарлама жасады. Сонымен қатар, 2 ақпан күнгі жауын мен еріген қар суының деңгейі артып, салдарынан елді мекендерге төнген қауіптің алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар барысына да тоқталып өтті. Аудан басшысы осы орайда жауапты мамандар мен ауыл, кент округ әкімдеріне анайы тапсырмалар жүктеп, орындалу барысын бақылауда ұстайтынын айтты. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
– 2 ақпан күні жауын-шашын мен еріген қар суының салдарынан таудан келер судың мөлшері артып, біраз әбігерге салғаны рас. Ауа райы күрт жылып, жауын-шашын болған жағдайда тау бөктерінде орналасқан елді мекендерде ағын су мөлшерінің көбейетінін, су басу қауіпі бар екендігі жөнінде болжамымыз болды. Осы орайда қауіпті аймақтарды алдын ала аралап, кемшіліктердің орнын толтырып, тиісті жұмыстарды атқардық. Нәтижесінде, дер кезінде қауіптің бетін қайтара білдік. Дәл осы бағытта жұмысты тоқтатпауымыз керек. Қауіп жоқ, жағдай тұрақты деп, босаңсуымызға болмайды. Қазір әлі қыс ауасы, жауынды күндер алдағы уақытта да қайталанады, – деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ауыл, кент округ әкімдеріне арнайы сенбілік өткізіп, елді мекен ішіндегі арық-атыздарды тазарту жұмыстарын жүргізуді және қосымша арнайы су сорғыш насостар алдырып қоюды тапсырды.
Сондай-ақ, жауапты мамандарға ағын су деңгейінің артуы салдарынан елді мекендерге туған қауіпті жағдайды саралап, салдарын анықтап, алдағы уақытта сол кемшіліктерді болдырмау мақсатында жұмыс жасауды тапсырды. Ауданда орналасқан су қоймалары мен өзен-көлдердегі су деңгейін бақылауда ұстап, елді мекен маңында орналасқан бөгеттерді нығайту керектігін ескертті. Жиында жол бойындағы су өткізгіш құбырлар мен көпірлерді кеңейту, оларды алмастыру жұмыстары жан-жақты талқыланып, жауаптыларға осы бағытта тиісті жұмыстарды қолға алу керектігін айтып, жұмыс жасау үшін арнайы тапсырмалар жүктеді.