ҚАРАҚАТ ӘБДЕН АҚТӨБЕДЕГІ САЙЛАУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Қарақат Әбден Ақтөбе қаласындағы штаб өкілдерімен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстары бойынша жиын өткізді.

«Ақтөбе қаласындағы сайлауалды штабына сайлаушылар сауалдары мен ұсыныстарын белсенді жолдауда. Бұл қуантарлық жағдай. Сондай-ақ халықаралық сайлау байқаушылары жолдаған сұрақтармен де жұмыс жүргізілуде. Жалпы, ел өңірлерінде 20 штаб жұмыс істейді, 2 мыңға жуық ерікті жұмылдырылған. Сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін үлкен аудандық орталықтарда да штабтар ашылған», деп мәлімдеді Қ.Әбден.

Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз, Семей, Павлодар, Талғар, Есік қалаларының тұрғындарымен сайлауалды кездесулерін өткізді. Басқосулар барысында көбіне әлеуметтік сала, білім беру мен бала тәрбиесі жайлы өзекті сұрақтар көтерілді.

«Балалар қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Балалардың жағдайын жасау үшін күндіз-түні жұмыс істейтін ата-аналар бар. Бірақ олар көп жағдайда балаларын қалдырып кететін жер таба алмай қиналады. Сондықтан тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашу керек. Тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшаларды мемлекеттік балабақшалардың негізінде ашып, жұмыс уақытын ұзарту арқылы іске қосуға болады. Бұл шешімнің бірден-бір артықшылығы – мәселе шешімі үлкен қаражат жұмсауды қажет етпейді», дейді Қ.Әбден.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған