Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың тапсырмасына сай барша ауыл округтерде қардың еруінен, көктем жауын-шашынның салдарынан орын алуы мүмкін болған табиғи апаттың алдын алу мақсатында, су қоймаларында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, арықтар мен үлкен каналдарды кеңейту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қазығұрт ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Табиғи апат айтып келмейді. Бірақ айтпай келеді екен деп, құр қол отыруға да болмайды. Түркістан облысында көктемгі жағдайға қызу дайындалып жатқаны көңілге демеу. Жауапты мамандардың бастамасымен таулы аймақтарда арықтарды кеңейтіп, жүйелі жұмыс жүргізуде. Ең бастысы ауыл тұрғындарымен де жүздесіп, жергілікті жұрттың да пікірлері ескерілуде.
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыру мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысының орынбасары Е.Сарыбаев Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен келіп, аудан әкімі А.Исмаилов, аудан әкімінің орынбасары Т.Қалымбетов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Д.Тәліпбаевтармен бірге сел алуы мүмкін болған аймақтарды аралады. Шанақ, Сарапхана, Қарабау, Шарбұлақ, Қазығұрт, Қызылқия, Қақпақ ауыл округтеріне арнайы барып, қардың еруі, жауын-шашынның салдарынан орын алуы мүмкін болған табиғи апаттың алдын алу шараларын ұйымдастырды.