Шақпақтықтар Референдумды қолдайды

Бүгін Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Алғабас ауыл округі, Шақпақ елді-мекенінде Референдум бойынша облыстық штаб мүшесі Сейдулла Айкозов арнайы келіп, еліміздегі маңызды саяси оқиға – референдум жөнінде ауыл тұрғындарына арнайы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы хабарлады.

5 маусымға белгіленген дауыс беру күні жақындаған сайын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Конституциясына түзетулер енгізу бойынша референдум өткізу туралы идеясын қолдау деңгейі де артуда. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі өткізген соңғы әлеуметтік онлайн-сауалнама нәтижелері көрсеткендей, сұралғандардың 78,52%-ы референдум туралы біледі, ал қазақстандықтардың 72,01%-ы оны өткізу идеясын қолдайды.

Конституциялық түзетулер бойынша референдумға дайындық жұмыстарының талдауы көрсеткендей, жалпы халық Негізгі Заңға енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы біледі. Бірақ ұсынылып отырған новеллалар пакеті президенттік өкілеттіктерді қысқартумен, Парламент пен жергілікті өкілді және атқарушы органдардың рөлін кеңейтумен, құқық қорғау тетіктерін күшейтумен шектелмейтінін ұмытпаған жөн.

Кездесу барысында өзгеріске енген жаңа Заң қолданысқа түссе, халықтың басқару ісіне араласу мүмкіндігі кеңейіп, билік пен халық арасында байланыс нығая түсетіндігіне тоқталды.

«Біріншіден, Мәжіліс депутаттарын бір мандатты округтер бойынша сайлау тетігі өзін-өзі ұсынғандарға сайлануға мүмкіндік береді. Екіншіден, депутаттық мандаттарды кері қайтарып алу тетігін енгізу өз депутатын бақылауға мүмкіндік береді, егер ол жұмысын атқара алмаса, оны кері қайтарып алуға болады. Үшіншіден, ұсынылатын екі кандидатурадан облыс әкімін тағайындауға келісім беретін мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейе түседі» – деді С.Айкозов.

Кездесуде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Олар конституциядағы жаңа өзгерістерге көзқарасы оң екенін білдірді. Өз кезегінде қатысушылар елдің жарқын болашағы үшін жасалынып жатқан тарихи сәтте біркісідей атсалысатындықтарын жеткізді.

mixnews.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған