ШАРДАРА МЕН КӨКСАРАЙ СУ ҚОЙМАСЫНАН КЕЛЕР ҚАУІП ЖОҚ

Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқаруда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысы Асанғали Төлепбергенов айтты.

Асанғали Мәдиханұлының сөзінше, тасқын суды қауіпсіз өткізу мақсатында ирригациялық жүйелерді тазалау мен жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы 1218 шақырымды құрайтын 680 арық пен канал және 952,2 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазартудан өткізілген. Сондай-ақ, тасқынға қарсы 34 мың 900 қап, 1000 тоннаға жуық инертті материал дайындалған. Одан бөлек, 2065 жеке құрам, 424 техника, 5 қайық, 116 мотопомпа дайындық жұмыстарынан өткен.

Брифинг барысында «Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев Сырдария өзенінің жағдайына тоқталып, елдімекендерді су басу қаупі жоқ екенін айтты. Бұл ретте, Шардара мен Көксарай су қоймасынан келер қауіп жоқ. Бүгінде Шардара су қоймасының толуы 77 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті өткен жылғы судың көлемімен салыстырсақ 41 пайызға артқанын көреміз.

– Сырдария өзенінің жоғарғы ағысынан келіп жатқан су деңгейі қазіргі кезде төмендеген. Ал бүгінгі мәлімет бойынша, Шардара су қоймасына келген су көлемі – 1114 м3/сек, нақты көлемі – 3997 млн м3, сондай-ақ, шыққан су 1111 м3/сек құрап отыр. Ал Көксарай су торабына келген су – 800 м3/сек, Көксарай су реттегішіне алынып жатқан су – 200 м3/сек, нақты көлемі – 1008,37 млн м3, ал Сырдария өзенінің төменгі ағысына тасталынып жатқан су – 600 м3/сек. Шардара су қоймасынан Қызылқұм магистралды каналына – 11 м3/сек, Арнасай су торабынан Айдаркөл ойпатына 300 м3/сек су тасталынуда. Бүгінгі таңда елдімекендерді су басу қаупі жоқ. Су ресурстар комитеті тарапынан осы жағдай бақыланып, реттеліп жатыр, – деді Қазыбек Қошқарбекұлы.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған