ШАРДАРАДА ӨҢДЕЛГЕН БАЛЫҚ ӨНІМДЕРІ ЕУРОПА МЕН ТМД ЕЛДЕРІНДЕ ҮЛКЕН СҰРАНЫСҚА ИЕ

Шағалалы Шардара ауданы балық шаруашылығымен танымал аймақ. Сырдария өзенінің жағасында жатқан ауыл дәмді балығымен талайларды тамсандырған мекен. Мұнда бүгінде балық өндірісін дамыта отырып, оны өңдеу саласында да еселі еңбек етіп, өнімдері отандық нарықпен қатар Еуропа елдеріне дейін шығарып жатқан зауыттар бар. Солардың бірі шардаралық кәсіпкер Талғат Жалғасбай жетекшілік жасайтын «Жалғасбаев Т.С.» балық өндіру зауыты. Осыдан алты жыл бұрын, яғни ел тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына орай ашылған кәсіпорын бүгінде алпыс-жетпіс шақты азаматты тұрақты жұмыспен қамтып, жылына орта есеппен мың тоннаға жуық балық өңдеп шығарады. Осы орайда зауыт басшысы Жалғасбаев Талғат Серікбайұлымен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

– Кәсіпорынның бүгінгі қуатына, бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсеңіз. Балық шаруашылығына соңғы жылдары үлкен көңіл бұрып келе жатыр ғой. Осы тұрғыда Шардарадағы өндіріс орынның жұмыс барысына тоқталсаңыз.

– Жалпы өндіріс, балыққа деген сұраныс өте жақсы. Жылдам дамып келе жатырмыз. Жалпы балық шаруашылығын осы жерде кішігірім тоңазытқыштан бастадық. Балықты тек қатырып саттық. 2016 жылы түбегейлі терең өндіріспен айналысып, балықты экспортқа шығара бастадық. Басым бөлігін экспорттаймыз. Ішкі нарыққа да шығарамыз. Балықтың түрлері бар. Сұранысқа байланысты жалпы ішкі нарыққа кететін балықтар, сосын сыртқы ТМД, Еуропа елдеріне экспорт жасаймыз.

– Шардара балығының басты ерекшелігі қандай өзі? Ел-жұрт көбіне Шардараның балығын сұрап жатады. Кез келген жерде Шардараның балығының бәсекеге қабілеттілігі жоғары деп айта аламыз. Жалпы енді бұл жақтың балығының осынша бір құндылыққа ие болуының себебі неде?

– Себебі – мынау біздің су қоймасына байланысты. Мұның ерекшелігі – су циркулировать етіп тұрады. Ар жақтан түсіп, бер жақтан ағып кетіп жатады. Су таза, қорек көп. Өзіңіз байқасаңыз да болады, күзге жақын егінге суды тартып болған кезде судың басым бөлігі тартылады жоғары жақтан. Сол жерге мал жайылады, сол жерге шөп шығады. Қыс бойы ол жердің бәрі қайта су басады. Ол балықтың бәріне қорек болады. Еліміздің оңтүстігі болғандықтан балықтың көбеюіне де өте қолайлы. Жалпы Сырдарияның тәтті суынан балық та тәтті болады деп ойлаймын.

– Қазір өндірген өнімдеріңізді сатылымға шығару жағы қалай болып жатыр енді. Қай жақтардан келіп алып кетіп жатыр? Қайда жіберіп жатсыздар?

– Басым бөлігі Ресей, сосын Еуропа мен ТМД елдеріне, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Азербайжан елдеріне шығарып жатырмыз.

– Өзіңіз енді Шардара өңіріне белгілі кәсіпкерсіз. Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

– Балық өңдеумен айналысып жатқан зауытта алпыс-жетпіс адамның төңірегі. Ал балықшылар маусымға қарай жұмыс істегендіктен есепке алып жатқан жоқпын. Балықшыларды есептейтін болсақ жүзге тартады.

– Жоспарларыңыз қандай еді алдағы уақытта? Ашылғандарыңызға да бес-алты жыл болып қалыпты.

– Жалпы өндірістің жұмыстарын дамытып жатырмыз, сұранысқа байланысты. Қай балықтың қай түріне сұраныс болса, түп терең өндірісімен айналысқымыз келеді. Жалпы Сырдың балығы – өте таза балық. Дәмді десек те болады. Бүкіл Қазақстанның өзіне басқа жердің балығы келіп жатса да, атауын өзгертіп осы Шардараның балығы деп айтады. Оны байқап жатырмыз. Өндіріс жұмыстарын дамытып жатырмыз енді. Өкімет тарапынан беріп жатқан субсидиялар бар. Балықты көбейту мақсатында өсірумен де айналысу жоспарда бар. Теңізден ала бермей, өзіміз де өсірсек пе дейміз. Қазір жер мәселелерін шешіп жатырмыз, бір-екі көлдерді көрдік.

– Тұтынушыға дайын өнімнің қанша түрін ұсынасыздар?

– Өңдеуден өткіземіз. Балықтың филесі, сүбе еті, алқымы дейді, жалпы сондай-сондай өнімдер шығып жатыр. Қақтаймыз, тұздаймыз. Бірнеше түрін шығарамыз.

– Соңғы жылдары Шардара өңірінде үкімет деңгейінде, яғни үлкен деңгейде балық шаруашылығын дамытуға қатысты іс-шаралар, семинарлар өтіп жатыр. Өздеріңіз басы-қасында болып жүрсіздер ғой осы жұмыстардың. Жалпы мемлекеттік деңгейде балық шаруашылығына қандай көмек болу керек деп санайсыз?

– Өкімет тарапынан көмектер беріліп жатыр. Балық өсіруге де қатты көңіл бөліп, субсидия беріп жатыр. Жалпы өкімет тарапынан жақсы қолдау білдіріп жатыр.

«Жалғасбаев» балық өңдеу зауыты заман талабына сай қажетті жабдықтармен қамтылған. Мұнда балықтың бірнеше түрі өндірістік жағдайда өңдеуден өтеді. Ол үшін кәсіпорында жұмыс істейтін мамандарға да тиісті жағдайлар қарастырылған. Яғни зауыт іші қыста жылу жүйелеріне қосылады. Ал өндіріс процесінде де барлық талаптар сақталған. Ең бастысы Шардарада өңделген балық өнімдері ішкі нарықпен қатар, Еуропа мен ТМД елдерінде үлкен сұранысқа ие.

– Балық шаруашылығымен айналысамын деген азаматтарға қандай кеңес беретін едіңіз? Осы кәсіптің қыр-сыры мен ыстық-суығына төзіп жүрген азаматсыз. Талай жылдан бері айналысып келе жатырсыз.

– Әрбір өндіріске шикізат қажет. Шикізатымыз енді біздің жаңағы балық. Балықты да сүзіп ала беретін болсақ таусылатын уақыт болады. Сол үшін мен бірінші былай айтқанда бұл өндірістен бұрын, балықты өсірумен айналысу. Қолыңда шикізат тұрған кезде ары қарай дамыта беруге болады. Қазіргі жетістігімізге үлкен еңбекпен келдік. Аспаннан ешнәрсе түскен жоқ. Бәрі бірден бола қойған жоқ. Шүкір, жаман емес. Біздің ең ойланатын мәселе – шикізат. Судан сүзіп ала бергеннен гөрі оны бағу, көбейтуді қолға алу керек.

– Аудан әкімдігі тарапынан сіздерге және сіздер сияқты азаматтарға қолдау бар ма қазір жер жағынан болсын?

– Қайрат Жолдыбайұлының кәсіпке деген қолдауы өте жақсы. Көп көмектері тиді.

– Балық шаруашылығында осы Шардара ауданында да браконьерлік мәселе туындап жататыны жасырын емес. Жалпы енді осындай жайтқа қандай жұмыстар атқарып жатсыздар? Сіздерге де кедергі тигізетін жайттар бола ма?

– Көпшілік болған соң браконьер болады ғой. Бірақ жылдан жылға жағдай түзеліп келе жатыр. Алдын халық көп түсінбейтін. Қазір енді түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Оны заң аясында аулап, кәсібін жасайтын жұмыс қой жалпы айтқанда. Заң аясында оны аулау жолдары бар, оның керек құжаттары, былай айтқанда қайығы мен правасына дейін керек қой.

– Сіздердің өздеріңіздің тиесілі аумақтарыңыз бар. Сол жерден аулайсыздар балықты.

– Иә, белгіленген квота бар. Квотасына қарап, белгіленген балықшылары бар. Ол квотадан артық аулауға болмайды.

– Шабақпен толтырып отырасыздар?

– Жылда күзде шабақпен толтырамыз.

– Басым бөлігін Ресейге экспорттаймыз деп айтып қалдыңыз. Сіздер өндірген өнімнің қанша пайызы шамамен Ресейге шығады?

– Ресейге қырық пайызы кетіп жатыр. Еуропаға да сол шамада кетеді. Ішкі нарыққа сол жиырма пайыз.

– Яғни Еуропада да сұраныс бар?

– Еуропада да сұраныс бар.

– Балық шаруашылығының болашағы туралы пікіріңіз қандай?

– Болашағы жақсы. Дегенмен су тапшылығы қиындау болып тұр. Судың жоғарыдан түсуі соңғы үш жылда төмендеп кетті. Судың тартылуы күшейіп кетті қазір. Жалпы су болса балық болады.

Балық шаруашылығын дамытуға бүгінде Үкімет деңгейінде үлкен көңіл бөлініп келеді. Бұл тұрғыда Шардара ауданының әуелеті жоғары. Себебі кеңестік кезеңнің өзінде бұл аймақтың балығы дәмділігімен жоғары бағаланып, сұранысқа ие болған. Ендеше осы бір кәсіпті дамытып келе жатқан іскер азамат Талғат Жалғасбаевтың жетекшілігіндегі зауыт алдағы уақытта да балық өніміне деген сұраныс бойынша жүйелі жұмыс жасай бермек.

Абай ОМАР,

Ғалымжан МАМЫТОВ,

Мәди ЖАППАРХАНОВ,

«Кемел» арнасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған