УЛЫ ГАЗ ДА ТІЛСІЗ ЖАУДЫҢ БІРІ

2023 жылы 16 қаңтар күні Сайрам ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері, №23 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, Құтарыс ауылының әкімшілік қызметкерлері «Өрт қауіпсіздігі» және «Улы газдан уланудың алдын алу» бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізді.

«Өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау» және «Улы газдан уланудың алдын алу» жөнінде қысқаша тұрғындарға түсінік беріп, күнделікті тұрмыстағы ескере бермейтін жайларға мұқият болуды ұсынды.

Жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі және улы газдан уланудың алдын алу жұмыстары Сарыағаш ауданында да жалғасуда.
Сарыағаш ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі және №14 өрт сөндіру бөлімі бірлесіп аудан аумағында “Өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау” және “Улы газдан уланудың алдын алу” тақырыптарында аудан тұрғындары мен қонақтарына түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, арнайы жадынама парақтары берілді!

Төтенше жағдайлар қызметкерлері назарларыңызға салады: улы газды көру немесе иісі арқылы тану мүмкін емес. Дер кезінде сезінбегендіктен одан адам бірнеше минут ішінде-ақ өліп кетуі мүмкін.

Тағы бір ескеретін жайт, улы газ тек көгілдір отынды дұрыс пайдаланбағандықтан ғана болмайды. Сондай-ақ мұнай, керосин, ағаш отын немесе көмірді жаққанда да шығады.

Сонымен улы газ несімен қауіпті? Улы газ тыныс алу жолдары арқылы ішке енгенде:

  • қанның оттегін тасымалдау қабілетін төмендетеді;
  • миға орны толмас зақым келтіруі ықтимал;
  • жүрек ауруы бар адамдардың кеуде тұсы ауыруы немесе жүрек қысылуы мүмкін.

Улану белгілерін мынадай жағдайларда біле аласыз:

  • бұлшық еттердің әлсіреуі;
  • бас айналу;
  • құлақ шуылы;
  • жүрек айну;
  • құсу;
  • ұйқы келу; кейде, керісінше, аз уақытқа белсенділіктің артуы, соңынан, жүру тепе-теңдігінің жоғалуы, теңселу;
  • сандырақтау;
  • елес қуу (галлюцинация);
  • есінен тану;
  • талу;
  • кома және тыныс алу орталығының семуінен болған өлім.

Тыныс алу тоқтағаннан кейін де жүрек біраз уақыт соғып тұруы мүмкін. Кейде адамдардың осындай уланудан кейін 2-3 аптадан соң ғана қайтыс болғаны туралы жағдайлар да болған.

Улы газбен уланғанда улы газдың келуін тоқтатыңыз, жапа шегушіні таза ауаға шығарыңыз,жатқызыңыз, тыныштандырыңыз да таза ауамен дем алдырыңыз (газетпен желпіңіз, желдеткіш немесе кондиционер қосыңыз).

Егер зардап шегуші есінен танған болса, жүрегіне жабық массаж жасаңыз және жедел жәрдем келгенше немесе есін жиғанша жасанды демалдырыңыз.

Есіңізде болсын, зардап шегушіні қауіпті аймақтан шығару кезінде, алдымен өз қауіпсіздігіңізді, уланып қалмауды ойлаңыз. Ол үшін тез қимылдау керек және қол орамал немесе дәкемен мұрынды байлап алған абзал.

Улы газбен улануды болдырмау үшін не істеу керек?

  • ешқашан, тіпті, есіктері ашық болса да, қозғалтқышы қосулы машинаны гаражда қалдырмаңыз;
  • генераторды ешқашан үйде, гаражда, жертөледе (подвал) қоспаңыз. Ашық тұрған терезе, есік немесе желдеткіш үйдегі улы газды шығара алмайды.
  • генераторды далада қосқан күнде де оның ашық терезе мен есіктің қасында тұрмағанына көз жеткізіңіз;
  • ағаш көмірді үйде, палаткада, машинада немесе гаражда ешқашан жақпаңыз;
  • ешқашан білмей, дағдыланбай және құралсыз от жаққыш құралдарды орнатпаңыз және қолданбаңыз;
  • ешқашан газ плитасын, пісіру шкафын немесе кептіру құралын бөлмені жылыту мақсатында қолданбаңыз;
  • ешқашан пісіру шкафының түбіне фольганы қоймаңыз, себебі ол газдың қалыпты жануына кедергі келтіреді;
  • ешқашан желдетілмейтін газ құрылғысын жабық бөлмеде немесе жатын бөлмеде пайдаланбаңыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған