Апта басында Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, ақ түтек боран басталған-ды. Қолайсыз ауа райына қарамастан күшейтілген режимде күн-түні жұмыс істеген жол саласы жұмысына жауапты қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтпеске болмас. Нәтижесінде Созақ ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-2 «Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорған-Шаян аралығы жеңіл автокөліктердің қозғалысына берілді. Қазіргі таңда, жолды қардан кеңейту жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, Кентау-Шолаққорған бағытындағы автомобиль жолының Кентау-Ащысай елді мекені аралығы қардан тазартылса, Ащысай-Шолаққорған аралығында жолды қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, Бәйдібек ауданындағы Бірлік-Жарықбас-Қошқарата автомобиль жолының Бірлік-Жарықбас аралығында жолды ашу жұмыстары атқарылды. Ал, Жарықбас-Қошқарата елді мекендері аралығында қар тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Көлік жүргізушілерінің назарына: ауа райының қолайсыз уақытында жолға шықпауларын сұраймыз.