ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ САЛДАРЫН ЖОЮ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Күні кеше ауа райы күрт бұзылып, еліміздің бірқатар өңірінде қарлы бұрқасын болып, оның соңы аязға ұласқан. Табиғаттың тосын мінезі Түркістан облысын да айналып өткен жоқ. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күн-түн демей жұмыла жұмыс істеді. Күні бүгінге дейін төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары жалғасуда.

Түркістан облысы, Созақ ауданы аумағында қар аралас жауын мен қатты дауыл салдарынан тау бөктеріндегі ауыл округтері мен елді мекендерде электр бағаналары жартылай құлап, сымдары үзілген-ді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков шұғыл түрде зардап шеккен елді мекендерді аралап, боран салдарын жою, электр желісін қалпына келтіру үшін әр ауыл округ бойынша жауапты етіп тиісті бөлім, мекеме басшыларын бекітіп, арнайы тапсырмалар жүктеген болатын.

«Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан, өзге аудан, қалалардан арнайы бригадалар мен аудан әкімдігі қызметкерлері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп, уақытпен санаспай жұмыс атқара білді. Аудан басшысы әр күні жұмыс басында болып, күнде кешкі сағат 21:00-де жауапты мамандармен жиын өткізіп, жоспарларды саралап отырды. Сонымен қатар аудан аумағындағы өндіріс орындары мен «ТорланСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арнайы техникалармен көмек берсе, бірқатар елді мекен тұрғындары арасынан ел ағалары мен ерікті жастар аталған жұмысқа ұйымшылдықпен жұмыла білді.

Бүгінгі таңда күшейтілген жұмыстар нәтижесінде, қалған Абай елді мекенінде құлаған электр бағаналары толықтай қалпына келтіріліп, электр жарығы берілді.

Иә, қаңтар айында Арысқа да жылдағыдан үш есе көп қар түсті. Осы ретте арыстық оқушылар қамкөңіл қариялар мен жарымжан жандарға көмек қолын созып, батасын алып жүр. Атап айтқанда, №11 Б.Момышұлы мектебінің оқушылары Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысқан Токмұрзаев Асанбек ардагердің ауласын қардан тазартуға көмектесті.

Айта кетейік, бұған дейін де қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығының» еріктілері ауылдық округтердегі көмекке мұқтаж қарттардың ауласын тазалауға қол ұшын созған болатын. Мектеп оқушыларынан бастап жасы ересек азаматтарға дейінгі еріктілер ауылдардағы ардагерлерге, зейнет жасындағы және жалғызбасты қарттар мен аналардың ауласын қардан тазалап, отын-суы мен үй шаруашылық жұмыстарына жәрдем берді.

Еріктілердің көмегі әрқашан қарт азаматтардың көңіл-күйін көтереді, келер күніне деген сенімділігін оятады, тіпті рухани күш береді. Сол сияқты үлкен кісілерге көмек көрсету жастардың мейірімділігін күшейтуге ықпал ететіні сөзсіз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған