ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНДІЗ-ТҮНІ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

Түркістан облысы аумағындағы республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердегі ішкі көшелерді қардан тазарту жұмысы тоқтаусыз, тәулік бойы жүргізілуде. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес жауапты мамандар мен коммуналдық сала қызметкерлері жолға инертті материалдар себу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақтағы қалың қар басып, тұрғындарды әбігерге салған жағдайды тұрақтандыру үшін 75 техника тартылып, 200-ге жуық адам жұмылдырылған.

Ауа райының қолайсыздығы кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша облыстық полиция және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күндіз-түні жұмыс істеуде. Қытымыр қыстың аязына қарамай жұмыла жұмыс істеп жатқан азаматтар халықтың ризашылығына бөленуде.

Қазіргі таңда Созақ, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Сауран аудандары мен Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында жолдар мен аяқжолдардан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталықтары, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандары, сондай-ақ демалыс орындарының тазалығына баса назар аударылды. Бұған қоса, елді мекендерде ауыз су, электр желісі, газ саласы бойынша туындаған мәселелерді дер кезінде шешу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде өз жалғасын табады.

Ауа райының тосын мінезінен зардап шеккендерге кәсіпкерлер де көмек көрсетуде. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы аумағында ауа райы күрт өзгеріп, бұрқасын дауыл мен қалың қардың салдарынан елді мекендер жарықсыз қалған болатын. Ақауды қалпына келтіруге ауданмен қоса алғанда облыс және аудандардағы «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің 23 бригадасы мен 45 техникасы жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Өткен аптадағы ауа райының күрт жылынып, жаңбыр мен қардың еруінен электр бағаналарын жөндеу барысында «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің техникалары лайға батып, қозғалуға мүмкіндік болмай қиындық туғызған еді. Аудандағы электр жарығын ертерек жөндеу үшін жұмысты жедел атқаруға кәсіпкерлер, аудандық мәслихат депутаттары Асқар Кенехан, Серік Шалқарұлы, Дәуір Ақатаев, Абылай Жақыпов та өз үлестерін қосып, шаруа қожалықтарындағы техникаларын беріп, көмектерін көрсеткен болатын.

Бүгінде Арыс қаласында қардың қалың жаууына байланысты қаланың барлық коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қар тазалау жұмысына 5 арнайы техника мен 40-қа жуық жұмысшы жұмылдырылған.

Толассыз жауған ақ ұлпа қала тұрғындары мен көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін коммуналдық шаруашылық саласының мамандары қар тазалау жұмысын іркіліссіз атқаруда. Осылайша, бірінші кезекте орталық көшелер, жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамалардың маңы тазаланды.

Бұдан бөлек, орталық көшелерге көктайғақтың алдын алу үшін құм-тұз қоспасын себу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі таңда мамандар саябақтар мен гүлзарлар, қоғамдық орындарды тазалауда.

Қала әкімдігі ауа райының қолайсыздығына байланысты қала тұрғындарын жол ережелерін қатаң сақтап, мұқият болуға шақырады.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған