Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына аудандық азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар қызметтері құрамына кіретін мекеме басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Комиссия отырысында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Н.Бексейтов 2023 жылдың қыс-көктем айларында ауа райы температурасының кенет көтерілуі, қаңтар айында жауған қалың қардың қарқынды еруі және алдағы уақытта нөсер жаңбырдың салдарынан аудан аумағында су тасқынын болдырмау және алдын алу іс-шаралары, сауда объектілерінде өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау және өрт қауіпсіздігі саласында кездесетін өрескел бұзушылықтар және оларды жою, аудан аумағында орналасқан өрт гидранттары мен пирстердің жұмысқа қабілеттілігі, көктем кезеңіндегі төтенше жағдайлардың қатеріне және туындауына ден қоюға азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйелерінің күштері мен құралдарын әзірлікке келтіру туралы баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қосымша «ҚазСуШар» Түркістан филиалы «Зах-Келес» өндірістік бөлімшесінің басшысы Жандарбек Бахашбаев және Сарыағаш қаласының әкімі Мұхит Доспулов хабарлама жасады.
Жиын барысында аудан әкімі апаттың айтып келмейтіндігін, сондықтан тәуліктің кез келген уақытында түрлі жағдайларға сақадай сай болу қажеттігін ерекше атап өтті. Сол үшін барша мекеме басшылары өз салаларында төтенше жағдайдың алдын алу және оларды болдырмау мақсатында жоғары деңгейде ұдайы жұмыстарды жандырып отыруы қажет екенін айтты.
Комиссия отырысының қорытындысымен барлық мемлекеттік мекемелерге қыс-көктем айларында қауіпсіздік деңгейін қажетті дәрежеде қамтамасыз ету бойынша уақтылы іс-шаралар жүргізулері туралы ұсыныстар айтылып, жалпы дайындық жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылуы жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.