ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес Сайрам ауданында ауа райынан болатын төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков бастаған жұмыс тобы білім және денсаулық сақтау мекемелерінің жылу жүйесімен танысты.

Ауданда 14 елді мекенде орналасқан 26 мектептің жылыту жүйесін газға ауыстыру мәселесі бар. Сонымен қатар, Бөкейхан, №47 Амангелді және №42 Фуркат мектептерінде орналастырылған қазандықтардың бірі істен шыққан. Қазір мұнда екінші қазандық жұмыс істеп тұр. Алайда, қазандықтарды қалпына келтіруге қыруар қаржы қажет, мұндай шығын аудан бюджетінен қаралмайтын болғандықтан өзекті мәселені шешудің бірден бір амалы облысқа ұсыныс жасау.  Қазір мамандар жылу қазандықтарын жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуде.

Түлкібас және Төлеби сынды таулы аудандардың ортасын жалғап отырған Сайрам ауданында да қар қалың түскен. Қар күреу жұмыстарына техниканың барлық түрі тартылған, жұмыс тоқтаусыз жалғасып жатыр.

Қаңтардың 9-ы мен 10-ы күндері қар қалың түсуіне байланысты республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту жұмыстары «КазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамы Түркістан облысы филиалы тарапынан жүргізілді. Оған 10 техника, 10 жұмысшы тартылды. Жолдарға 73 куб құм және 8 тонна тұз себілді.

Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының қардан тазарту жұмыстарында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты «Оңтүстік жолдары» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК-нің 9 техника және 21 жұмысшысы болды.

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының тазалығына мердігер мекеме «Global Treid 2050» ЖШС-імен 7 техника және 24 жұмысшы жұмылдырылған. Осы жол бөліктеріне инертті заттардан 81 куб құм және 17 тонна тұз себілді.

Қазіргі таңда күн аяз болғанына қарамастан Сайрам ауданында жағдай тұрақты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған