ТӨЛЕБИДЕ СУ ТАСҚЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА АРНАЙЫ ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ

Көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыру мақсатында Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев бастаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бақытқали Есіркепов, «Төлеби су шаруашылығы» мекемесінің директоры Жасар Нысанбаев, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Бейбіт Төлешовтен құралған арнайы топ елді мекендерді аралады. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аралау барысында су басу қауіпі жоғары тоғыз ауылдық округке құм қапталған қаптарды жеткізу, арнайы техникаларды дайындау жөнінде тиісті мекеме басшыларына тапсырма берілсе, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы өткелдермен, құбырларды тазалап, су өткізу қабілетін жоғарылату жөнінде облыстық салалық басқармамен “Оңтүстік жолдары” ММ-не ұсыныс берілетін болып шешілді. Сонымен қатар, аудан аумағындағы “КазСуШар” РМК теңгеріміндегі каналдардың қоқысқа, ағаш бұтақтарына, қарға толып, мұзға айналған учаскелерін тазалау жөнінде аталған мекемеге ұсыныс беріліп, арнайы техника жіберілетін болып шешілді.

Сондай-ақ Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде аудан аумағында Төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқаруда.

Таулы аймақтарға қардың қалың түсуінен, өңірді су басу қаупі бар. «Қазгидромет» РМК-нің болжауына сүйенсек, ақпан айында Төлеби ауданы аумағында күндіз +8+10 °C дейін жылып, нөсер жауу ықтималдығы 80 пайызды құрайды. Осыған орай, шұғыл іс-әрекетке көшіп, аудан аумағындағы су жүретін каналдарды, қашыртқыларды, ішкі су жүйелерін механикалық тазалаудан өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Төлеби ауданы аумағында 12 су қоймасы болса, оған жиналған су 74 канал арқылы ауыл-ауылға тарайды. Ауданға қарасты 254 шақырымды құрайтын 36 каналдың ең бірінші кезекте су тасу қаупі бар аймақта орналасқандары қоқыс-топырақтан, ағаш-бұталардан тазаланып, табаны тереңдетіліп жатыр. Бұл мақсатта “ҚазСуШар” РМК теңгеріміндегі каналдарға арнайы техника бөліп, қарға толып, мұзға айналған учаскелерінде механикалық тазалау жүргізуде. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы өткелдермен, құбырларды тазалап, су өткізу қабілетін жоғарылату бағытында жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда көктемгі қар еру кезінде тасқынға қарсы штабтар құрылып, аудан аумағындағы барлық су қоймалары мен өзендерге күнделікті мониторинг жүргізілуде.

«Құрметті, аудан тұрғындары! Су басу қаупінің ​ алдын алу мақсатында аулаңыздан өтетін арық-атыздарды күл-қоқыстан арылтып, оған қатқан мұздарды ойып, жинап, тұрғын үй, мал қораларға су жетпеу мүмкіндігін қарастыруды сұранамыз» дейді Төлеби ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері.

Су тасу қаупінің алдын алу және алда атқарылатын шаруаларды пысықтау мақсатында Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен мәжіліс өткен болатын. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлы аудан аумағында қардың қалың түсуіне байланысты көктемде су тасу қаупі жоғары екенін айтып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды. Су тасқының алдын алу мақсатында аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылып, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Штаб жұмысы жөнінде аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бақытқали Есіркепов хабарлама жасады.

Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлының тапсырмасымен облыстық және аудандық маңызы бар жол бойларында орналасқан су ағатын құбырлардың көзін ашып, мұздан, қоқыстан тазарту жұмыстары іске асуда. Бұған қоса, аудандағы 36 каналда механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Елді мекендердегі арық-атыздар күл-қоқыстан арылуда. Су басу қаупі жоғары елді мекендерге құм қапталған қаптар жеткізілуде. Аудан аумағында су қоймалары мен өзендерге бақылау жүргізілуде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған