ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ ТАРИХЫНДА ЖАҢА ДӘУІРГЕ ЖОЛ АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумның қорытындысы бойынша бейнеүндеуінде Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылғанына айрықша тоқталды.

«Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын! Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, ағайын!», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент бейнеүндеуде Ұлытауда Ұлттық құрылтай өтетінін, оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылатынын да мәлім етті. Президент өз сөзінде Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі керектігін айтты. Бұл, әрине, еліміздің дамуы жолындағы елеулі өзгеріс.

«Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскенін атап өтті.

«Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа Қазақстанның іргетасын құру үшін ел бірлігі мен мемлекетшілдік маңызды. Ендігі ретте қолға алынған жұмыстар мен Ата Заңымыздың негізі саналатын азаматтардың өмірін көздейтін шараларды бірлесе жүзеге асыруымыз керек. Ол үшін елдіктің жолында бірлік пен ынтымақ керек.

Елена Стребкова,

Кентау қалалық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған