ТҮРКІСТАНҒА ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ ІССАПАРМЕН КЕЛДІ

Бүгін Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин өңір тұрғындарымен кездесті.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, бизнес қауымдастықтар мен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесу барысында Серік Жұманғарин азаматтарды әлеуметтік қолдау, негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, өңірде 2025 жылға дейін облыстық балалар ауруханасын, екі перинаталдық орталықты, Арыс қаласында жедел жәрдем станциясымен қалалық емхананы салу жоспарлануда. Сондай-ақ, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік акушерлік пункк, 6 медициналық пункт, 570 орынға арналған көп бейінді аурухана бой көтермек.

ТҮРКІСТАНҒА ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ ІССАПАРМЕН КЕЛДІ

Соңғы екі жылда облыста Түркістан, Кентау, Бәйдібек, Қазығұрт және облыстың басқа аудандарында да 35,4 мың орынға арналған 62 балабақша, 39 мектеп және 23 қосымша ғимарат ашылды. Бұдан басқа, 30 мыңға жуық оқушыға арналған 79 жекеменшік мектеп, 7 жоғарғы оқу орны мен колледж жатақханалары пайдалануға берілді. 2025 жылға дейін 141 400 орынға арналған 30 балабақша, 99 мектеп және 13 қосымша ғимарат, жоғарғы оқу орынның 3 жатақханасы салынады. Ал, мәдениет саласы бойынша өткен жылы Түркістан облысында 12 мәдениет нысаны салынған. 2025 жылға дейін тағы 14 мәдениет үйі салыну жоспарланған.
«Бүгінгі сапардың басты мақсаты – түркістандық кәсіпкерлердің пікірлерін тыңдап, қазіргі жағдайын білу. Кездесуде ауылшаруашылық, жүн өңдеу, мақта өңдеу кәсібі туралы өзекті мәселелер көтерілді. Өзбекстанның мақта өндіруден тәжірибесі мол. Жалпы, Түркістан өңірінің әлеуеті өте жоғары. Бұл ретте, Өзбекстанның Премьер-Министрімен мақта бойынша кооперациялық жобаларды Түркістан өңірінде жүзеге асыру талқыланған болатын. Себебі мұнда мақта өндіріледі, тәжірибелі мамандар да бар. Өзбекстан бұған келісті. Осы мәселе бойынша жақында көрші елде бизнес форум өтеді. Осы кооперациялық жобаларды дамыту бойынша мемарандумға қол қоямыз»,- деді министр.
Сонымен қатар, жиында 1 қаңтардан бері қолға алынған жаңа құрылым әлеуметтік әмиян жайында да ақпараттар берілді.
Әлеуметтік әмиян – смартфондағы мобильді қосымша арқылы мемлекеттен алуға тиесілі әлеуметтік жәрдемақыны алу құралы. Әлеуметтік әмиян азаматтың жеке сәйкестендіру нөмері (ЖСН) негізінде автоматты түрде құрылады, оған мемлекеттен бөлінетін ақша түседі. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін «әлеуметтік әмиян» модулі eGov mobile қосымшасына қосылады. Ол үшін бар болғаны «әлеуметтік әмиян» қосымшасын жүктеп, авторизациядан өту қажет.
Жиында белгілі болғандай, 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен еліміздегі халықтың үлесі 5,1% құрайды. 2022 жылдың 1 қарашасына атаулы әлеуметтік көмек 135 800 мыңға жуық отбасына тағайындалды, бұл – еліміздің 700 мыңға жуық тұрғыны.
Ал Түркістан облысында бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 10,4% құрайды. Бұл – Қазақстан бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Мұнда атаулы әлеуметтік көмекті шамамен 33,5 мың отбасы, яғни 190,5 мың тұрғын алады.
Әлеуметтік салада, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру салаларында мемлекеттік қолдау шараларын тағайындаудың проактивті форматына көшу үшін «отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі әзірленуде. Жүйе азаматтар туралы барлық мәліметтерді әртүрлі мемлекеттік органдардан бірыңғай базаға біріктіреді. Осы арқылы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындауға және оларға проактивті форматта кепілді мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік туады.
Жиыннан соң С. Жұманғарин азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл ретте, барлық ұсыныстар назарға алынып, тиісінше жұмыстар атқарылатындығын айтты. Сондай-ақ БАҚ өкілдері үшін арнайы брифинг берді.


Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған