ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАС ҚАЛАМГЕР ЖӘМИЛА БАХТИЯРҚЫЗЫНЫҢ «ҚАРЛЫҒАШ. МАХАББАТ ЕСКЕРТКІШІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Қарлығашым, келдің бе?» атты әдеби-cазды, музыкалық кеш өтті.Кеш барысында Түркістан облысы, Төлеби ауданының тумасы, жас қаламгер Жәмила Бахтиярқызының «Қарлығаш. Махаббат ескерткіші» атты екінші кітабы таныстырылды. «Жалпы бұл кітаптың 5 мың данасын шығардық. Сұраныс болып жатса, әрине, тағы да шығарамыз. Бастысы, халық оқып, керегін алса болды», – деді кітап авторы.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАС ҚАЛАМГЕР ЖӘМИЛА БАХТИЯРҚЫЗЫНЫҢ «ҚАРЛЫҒАШ. МАХАББАТ ЕСКЕРТКІШІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Жас қаламгер жаңа кітабында қоғамның дертіне айналған жастар арасындағы өзекті мәселелерді жазыпты. Ата мен немере арасындағы диалог арқылы таза махаббат пен ұлттық құндылықтарды дәріптеген. Аталған шарада автор өз шығармаларынан үзінді оқып, қалың көрерменді терең ойға жетеледі. Екі жыл бұрын жазылған, Жәмила Бақтиярқызының тырнақалды туындысы әлемнің 6 тіліне аударылған.

Жиында ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ жаңа кітаптың маңыздылығына тоқталды.

– Тілі өте көркем. Кітап, ә дегеннен тартып, жетектеп отырады. Осының өзі қаламгерлік шеберлігін көрсетіп отыр. Болашағы зор, үлкен бір қаламгер келді деп айтсақ болады. Жалғасатыны күмән туғызбайды, – деді ол.

Жәмила Бахтиярқызы – жас қаламгер, журналист. Оның 21 жыл өмірінің 10 жылы аурумен күресумен өткен. 10 жасына дейін уайым-қайғысы жоқ, еркелеп өскен қыз аяқ асты ауыр сырқаттанып қалған. «12 жасымда «миастения» диагнозы қойылды. Бұл бұлшықеттің әлсіздігі. 14 жасымда астанаға Кореядан шеберлік сағатын өткізу үшін дәрігерлер келді, осы кезде маған да ота жасалды. Сөйтіп, 16 жасымда өзіме келіп, күш жинай бастадым. 20 жасымда ауруымнан құлан-таза айықтым, жеңдім», – дейді ол.Жәмиланың алғаш оқырманға жол тартқан кітабы «Бәйшешек» деп аталады.

Жазушы осы жылдың ақпан айында төлебилік мектеп оқушыларымен де кездесіп, шығармашылығы, болашақтағы жоспарлары жайлы әңгімелескен болатын. Қаламгердің «Бәйшешек» кітабы бүгінде жастар арасында өте танымал. Жерлесіміз сирек кездесетін аурумен қалай күрескенін, өзіне рух берген жақындарының бастан өткерген қиыншылықтары туралы кітап жазған. Шығармашылыққа жаны құмар жас қаламгердің өлеңдері өз тағдырымен тығыз байланысты. Аса ауыр сырқатпен 10 жыл бойы алыса жүріп, сондай қиын халіне қарамастан мектепті үздік бітіруі, өзі қалаған журналистика факультетіне оқуға түсуі оқырманның Жәмилаға деген құрметін еселей түседі.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған