Облыс орталығы – Түркістан қаласында халық арасында бұқаралық спортты дамыту бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Балалар үшін спорттық шаралардың барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету – басты назарда. Соған сәйкес Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» қаладағы ашық алаңдарда тегін жаттығу сағаттарын жүргізіп жатыр.

Қаланың 48 ашық алаңында ұйымдастырылған жаттығу сағаттарына 6-17 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Спорт клубының 28 спорт нұсқаушысы арнайы белгіленген ашық алаңдарда баскетбол, футбол, стритбол сынды спорт түрлерінен жаттығу сағаттарын өткізуде. Әр ашық алаңда ойындар аптаның дүйсенбі – жұма күндері, сағат 17:00-ден 21:00-ге дейін жалғасады. Бұдан бөлек, Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубында» тегін үйірмелерде қарастырылған. Үйірмелерге 6 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер футбол, стритбол, үлкен теннис сынды спорт түрлеріне жазылып, шыныға алады.Айта кетейік, бүгінде спорт клубында 28 спорт нұсқаушысы, 20 жаттықтырушы жұмыс істейді. Спорт нұсқаушыларының еңбек өтілі 3 жылдан басталса, жаттықтырушылардың спортта 5 жылдық тәжірибесі бар. Ақпарат алу үшін 8 707 222 17 10 байланыс нөмір арқылы хабарласа аласыздар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі