Түлкібас ауданының орталығында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Егістік алқабынан-сөреге» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда экологиялық таза, жергілікті шаруалар өндірген көкөністер, консервіленген өнімдер, ет, жеміс-жидектер және сүт өнімдері нарық бағасынан 10-30 пайыз жеңілдетілген бағада саудаланды. Мәселен, қызанақтың келісі – 110 теңгеден, қой еті – 2300 теңгеден, жоғары сұрыптағы алманың келісі – 300-400 теңге аралығында, балықтың (форель) келісі – 2800 теңгеден, 2 литрлік консервіленген қызанақ пен қияр – 700 теңгеден көпшілікке ұсынылды.Аталған шараға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов қатысып, сауда қатарларын аралады. Жәрмеңкенің мақсаты – шаруа қожалықтарының өндірген өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға тікелей ұсынуға жағдай жасап, тамақ өнімдерін ауыл тұрғындарына нарықтық бағадан төмен бағада ұсыну.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі