ТУРИЗМГЕ ИНВЕСТИЦИЯ САЛҒАН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ШЫҒЫНЫ ІШІНАРА ӨТЕЛЕДІ

Мемлекет туристік объектілерді салған кәсіпкерлердің шығын ішінара өтейді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

«Біз Қазақстанның туристік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз. Жаңа техниканы сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу шынымен де ірі жоспарларды іске асыруға түрткі болады. Кәсіпкерге тек өтінім беріп, өз жобасын ұсынуы керек», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, біріншіден, туристік объектілерді салу және реконструкциялау үшін кәсіпкерлерге оның шығындарының 10% өтеледі. Екіншіден, жол бойындағы сервис объектілерін (қонақ үйлер, жанармай құю бекеттері, сауда және тамақтану пункттері және т.б.) салған кәсіпкерлерге де осы мөлшерде субсидия қарастырылған.

Үшіншіден, 8 немесе одан да көп орындық туристік автобустарды сатып алу үшін өтемақы 25% құрайды. Төртіншіден, тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтарды сатып алу үшін де дәл осы мөлшерде өтемақы қарастырылған. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау субсидияланады (айына 83 000 теңге)», – делінген хабарламада.

Мысалы, Ақмола облысындағы Зеренді ауданында 75 млн теңгеге балаларға арналған сауықтыру орталығы қайта жаңартылып жатыр. Кәсіпкерге жоба құнының 10% өтеледі. Ақмола облысы мен Шығыс Қазақстан облысының екі кәсіпкеріне туристік автобустар сатып алғаны үшін 11 млн теңге өтеледі. Сондай-ақ, биыл еліміз бойынша 567 санитарлық-гигиеналық торапты ұстауға арналған шығындарды өтеу көзделген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған