«ТАҒЗЫМ» МЕМОРИАЛЫ ТАРИХТАН САБАҚ АЛУЫМЫЗҒА СЕПТІГІН ТИГІЗЕДІ

Жыл басында елімізде тәуелсіздігіміздің тарихында қара таңба болып қалған қасіретті оқиға орын алды. Қасіретті қаңтарда талай жазықсыз жандар жапа шекті.

Тәуелсіздігімізге қауіп төнді, ардақты Отанымыз, туған еліміз, ғасырлар бойы ата-бабамыздың қанымен, жанымен қорғалып келген қасиетті жеріміз – Қазақстанымыз арам пиғылдылар мен қарақшылардың талан-таражына түсе жаздады. Еліміз үшін үлкен сабақ болған осы оқиғаның халықтың жадында сақталуы үшін Алматыда «Тағзым» мемориалын орнату туралы шешім қабылданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихындағы үлкен сынақты еске салатын ескерткіштің мағынасы терең, маңызы зор екенін айтты мемориалдың ашылу рәсімінде. Қазақ елінің мемлекеттігін нығайту жолындағы қилы кезеңдер тарихи естеліктің негізіне алынды. Әйгілі тұлғаларымыздың тас тұғырларға қашалған өлеңдері, өсиеттері мұнда тағзым етуге келген әрбір адамға ой салып тұрмақ. Мемориал қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ғана емес, кейінгі ұрпаққа тағылым болмақ. Мұнда жазықсыз көз жұмғандардың аруағына дұға арнауға келген жастар қасіретті оқиғаның халқымыздың батылдығын, бірлігі мен берекесін бекемдей түскеніне, одан кейін жаңарған даму жолын таңдағанына куә бола алады.

Президент мемориалды әзірлеп, орнатуға үлесін қосқандардың бәріне алғысын айтты. «Тағзым» мемориалы қаңтар оқиғасының қайнаған ортасы болған жер – Алматыдағы Республика алаңында орнатылды. Түрлі-түсті сәулет кешеніндегі әр түстің өзінің білдіретін, көпшілікке паш ететін мән-мағынасы зор. Мәселен, ескерткіштің қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді , ақшыл сұр бөлігі оны еңсеруді бейнелейді. Сұр бөлігі қаншама жазықсыз жанның құрбан болғанын білдіреді.

Ал ақ түс тұрақтылық пен дамуға, ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылысын, әділ мемлекет құруға сенімін көрсетеді. Мемориалдың әр бөлігінде халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған. Ескерткіштің халқымыздың елдің өткеніне салауат, ертеңіне аманат қылатын қасиетті орнына айналатыны даусыз.

Нұрайым ҚУАНДЫҚ,
Түркістан облысы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің “Талантты жастарды қолдау” бөлімінің инспекторы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған