«ТАҒЗЫМ» МЕМОРИАЛЫНЫҢ МӘНІ ТЕРЕҢ, МАҢЫЗЫ ЕРЕКШЕ

Бір жыл бұрын орын алған «Қаңтар оқиғасы» халқымыздың жанына батқан жара секілді әліге дейін көңілімізге мұң ұялатады. Арандатушы топтардың кесірінен әділдікті талап еткен бейбіт наразылық соңы еліміз үшін үлкен сынаққа айналған еді.

Бүгін оқиғада қаза тапқан азаматтарға арналған «Тағзым» мемориалы ашылды. Алматы қаласы қала әкімдігі жанындағы саябақта қойылған мемориалдың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алматы әкімі Ерболат Досаев қатысты. Мемориалдың ашылуына жүздеген адамдар қатысты. Оның ішінде қаза тапқандардың туыстары, жақындары, полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер, қоғам қайраткерлері, еріктілер бар.

Мемориал үш бөліктен тұрады, әр бөлім Қазақстанның даму, қалыптасу кезеңдерін бейнелейді. Ал оның стелаларында Қазақстанның тарихи тұлғаларының дәйексөздері ойып жазылған. Мемориал төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінген: ашық сұр түсті тас – жас мемлекеттің қалыптасуын білдіреді, қара бөлігі – қаңтар оқиғалары, сұр бөлігі – құрбандар мен төгілген қанның, адам қазасын білдіреді, ақ бөлігі – біздің тарихымыздағы барлық қайғылы сәттердің логикалық аяқталуы, халықтың бірлігі мен ынтымағының көрінісін айқындаған.

Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева.

Қаншама қатерден, сынақтан аман өткен еліміздің азаттығы баянды болсын! Бейбіт те бақытты отанымыздың аспаны ашық, болашағы жарқын болуын тілейміз!

Мәлік ЖҰМАХАНҰЛЫ,
«Түркістан медиа» ЖШС директоры

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған