СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ ІС!

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез-келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып, бүгінгі күндегі үлкен мәселелердің бірі болып отыр. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Жемқорлық мемлекеттік құрылымды іштей бұзып, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізіп, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіріп, халқымыздың игілігіне барын салуға дайын азаматтардың прогрессивті бастамаларын жоққа шығарады. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.

Сыбайлас жемқорлық бір күнде жойылатын іс емес. Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Ол еліміздің әр азаматы жұмыла күрескен сәтте ғана нәтижелі болатыны айқын. Мемлекеттің дамуына бармақ басты, көз қыстылықтың тигізер кесірін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да айтып кеткен.

Елбасымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жолдауында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттары анықталып, оларды жою жұмысын күшейту қажеттілігі атап көрсетілді. Қазіргі таңда, бұл мәселеге еліміздегі мемлекеттік органдар өте үлкен көңіл бөліп, жемқорлықпен күреске нақты қадамдар қолға алынуда. Барлық деңгейдегі депутаттардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың, бизнес қауымдастығының, жастар ұйымдарының, ғылыми орта мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылған. Аталған шаралар жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінде осы жолда бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 02 наурызында Департаменттің ұйымдастыруымен өткізілген мәжіліске Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Самет Нұрдәулет Ильясұлының қатысуымен, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдама бағыттары жеке құрамға таныстырылып өтті. Тұжырымдамада ең басты жаңашылдық – ол негізсіз баюға жауапкершілік енгізілген, ондағы жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту, парасатты қоғам қалыптастыру, жемқорлықты азайту, жазаның бұлтартпастығын күшейту, азаматтық қоғамды тарту және тағы басқа маңызды мәселелерді қамту жемқорлық құқық бұзушылықтары мен қылмыстарына қатысты енгізілген жауапкершіліктің қатаңдатылғаны атап өтіліп, кездесу соңында аталған мәселелер бойынша арнайы әзірленген бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар, жас мамандарға патриоттық сезімін ояту үшін тұрақты түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті дәрежеде қызмет атқаруына кері әсерін тигізеді, беделіне нұқсан келтіреді. Заңды қағидаларды теріске шығара отырып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себеп болады. Сондықтан да, бұл дерттің алдын-ала отырып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Демек, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытып, аталған дертке қарсы күреске атсалысып, жұмыла кірісуіміз қажет. Сонда ғана ел болашағына, еліміздің экономикасының дамуына, халқымыздың өркендеуіне зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық. Өзара сенім, жауапкершілік пен серіктестік негізінде мемлекет, қоғам және бизнес өкілдерінің бірігуі, қоғамдағы жемқорлыққа қарсы пікір мен құқықтық сананы қалыптастыру еліміздегі жемқорлық деген әлеуметтік мәселені жоятынына сенімдімін.

«Болашағымыз жастардың қолында» дей отырып, осы орайда, жастардың алған білімдері оларды өмірде туындаған кез келген жемқорлық атаулымен кездестірмейтіндігіне сенгіміз келеді.

Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы!

Елдің болашағы – жас ұрпақтың қолында!

Нұрғали ЖҮНІСОВ,

Түркістан облысы

Төтенше жағдайлар департамент бастығы,

полковник.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған