«СУДЫ ӨЗЕНГЕ АҒЫЗУДЫҢ ҚАМЫНА ҚАЗІРДЕН КІРІСУ КЕРЕК»

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды желтоқсан-қаңтар айларында қардың көп түсуін ескере отырып, көктемгі қар еру кезінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін тиісті тапсырмалар берген болатын. Тапсырмаға сәйкес Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Қараспан, Бадам, Бөржар елді мекендерінде болып қашыртқылардың, су алу қаупі болуы мүмкін орындарды көріп, “Теспе”, “Бөржар” су қоймаларының жағдайымен танысты.

Нәтижесінде тиісті сала мамандарына, ауыл әкімдеріне Батыр ата ауылындағы И.Есенберлин атындағы мектебінің жоғарғы жағындағы “Құртай” каналынан келетін су қаупінің алдын алу үшін қашыртқыны тазалауды, Батыр ата елді мекеніне бұрылыстағы су тасудың алдын алу үшін диаметрі үлкен труба орнатуды, Берген Исаханов ауылының сыртындағы қырлы аумақтан келетін су тасқынын болдырмау мақсатында тоспаны ауыстыруды және тағы басқа бірқатар ауылдардағы қауіпті делінген аумақтардағы ішкі арықтарды механикалық тазалауды тапсырды. Ал, Бадам ауылындағы “Керіш” каналының алдындағы сайға судың толмауы үшін жиналатын суды аталған каналға жіберу керектігін айтып, кейбір су алу қаупі бар көпірлерді сақтау үшін суды өзенге ағызудың қамына қазірден кірісу керектігін ескертті.

Сондай-ақ Нұрбек Бадырақов Қажымұқан ауыл округіне қарасты бірқатар елді мекендерінде болып, сондағы қашыртқылардың, су реттегіштердің және қар суының жиналатын орындардың жағдайын көрді.

– Келесі аптада күннің жылынуы күтілуде. Су бетіндегі мұздар еріп, нәтижесінде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Бұл қауіпті құбылыс. Сондықтан, су бетіндегі мұздақтарды жою, су ағымын реттегіштерді ретке келтіру керек, – деген аудан басшысы тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ал аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысына аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев, ауыл әкімдері, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жауапты азаматтары, бөлім басшылары қатысты.

Күн тәртібінде су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, қосымша бірқатар тапсырмалар берілді.

– Алдымызда жаңбырлы күндердің болатындығын ескере отырып арық-атыздарды, каналдарды механикалық тазалау жұмыстарын тоқтатпауды тапсырамын. Қашыртқылар мен тоспалар да қатаң бақылауда болады. Тиісті техникалар мен қажетті құрылғылардың ахуалы тексерілуі, олардың тиісті жұмыстарға сақадай сай болуы қажет. Ауыл әкімдері өз кезегінде елді мекендердің ішкі көшелеріндегі су алу қаупі бар үйлерге талдау жасауы тиіс. Яғни, құм салынған қаптар дайын болуы, арықтар тазалануы керек, – деді аудан басшысы.

Аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың тапсырмасы ауылдарда орындалуда. Атап айтар болсақ, Қажымұқан ауылдық округінде арнайы техниканың көмегімен Ынталы ауылының су қашыртқысы тазаланып жатыр. Жабық тұрған су құлақтары Арыс өзеніне қарай ашылу үстінде. Қажымұқан ауылдық округі, Көктөбе елді мекеніндегі су басу қаупі бар аймақ, арнайы техниканың көмегімен тазаланса, Бадам ауылдық округіндегі Керіш каналының кейбір тұстары арнайы техниканың көмегімен механикалық тазалаудан өткізіліп жатыр. Аудан орталығы мен Шұбарсу ауылында құмды қаптау жұмыстары қызу жүруде. Қараспан ауылдық округі Ақпан ауылындағы арықтарды тазалау жұмыстары қызу жүргізілуде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған