СОЗАҚТЫҚТАР СУ ТАСҚЫНЫНАН КЕЛЕР ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛУҒА КІРІСТІ

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібіндегі мәселе аудан көлемінде су тасқынынан келетін қауіптің алдын алу жөнінде Созақ ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Мағжан Өскен хабарлама жасады.

Аудан басшысы биылғы қыс қарлы болғанын және ауа райы күрт жылынған жағдайда тау бөктерінде орналасқан елді мекендерде ағын су мөлшерінің көбейетінін атап өтті. Осы орайда ауыл округ және кент әкімдеріне өздері басқарып отырған ауылдарындағы су қоймаларының жағдайын күнделікті бақылауда ұстау керектігін тапсырды. Сонымен қатар, жолдардың бойындағы су өткізгіш құбырлар мен көпірлердің астын тазалап, кеңейту жұмыстарын жүргізуді ескертті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе күнделікті тұтыну тауарларының, жанар-жағар май және қатты отынның (көмір) бүгінде аудан көлеміне жеткізілуі, қорлары мен бағаларын тұрақтандыру шараларының барысы туралы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов пен аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәулет Құдайбергенов хабарлады.

Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы аталған мәселелер қазіргі таңда халық арасында кеңінен көтеріліп жатқанын айтып, жауапты мамандарға бағаны тұрақтандыру үшін арнайы тапсырмалар берді. Сондай-ақ, арнайы комиссия құрып, ауыл, кент округтерінде азық-түлік дүкендерін аралауды және қатты отынның сатылу бағасын қадағалауды атап айтты.

Айта кететін жайт, жақын күнде Шолаққорған ауылдағы темір жол өткелі бойындағы Н. Әуесхановтың қоймасына 500 тоннаға жуық қатты отын (көмір) жеткізіліп, тоннасы 24 мыңнан сатылатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған