СЕРГЕК ЗАҢ БҰЗЫШУЛАРДЫ «СЕРГІТЕДІ»

Сергек жүйесі Астана, Алматы, Өскемен, Атырау, Шымкент және Семей қалаларынан кейін Түркістан мен Таразда қосылмақшы. 2022 жылдың соңына дейін Түркістан қаласының жол қиылыстарында 26, жолдардың желілік учаскелерінде 43 аппараттық-бағдарламалық кешен және қоғамдық орындарда 200 камераларды орнату жоспарланған. Облыс бойынша Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың желілік учаскелерінде 40 аппараттық-бағдарламалық кешен пайда болады.

Сергек қарапайым халықты «тонау» үшін жасалған ба, әлде «ақылды» жүйе көлік жүргізушелерді тәртіпке келтіріп, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді ме?! Біздің редакция тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеп табуға тырысты.

Қаладағы қауіпсіздік пен Сергек

Полиция бөлімшесі ұсынған статистикаға сүйінсек, Түркістанда 2021 жылы 755 әкімшілік құқық бұзушылық орын алған, соның ішінде 233 қылмыс қоғамдық орындарда іске асырылған. Жол апаттарының кесірінен 11 адам қайтыс болып, 80-і жарақат алған. Тұрғындары 150 мыңнан сәл асатын кішігірім қала үшін бұл жан түршігерлік сандар. Біреудің анасы, біреудің ағасы, баласы не қарындасы зардап шеккен. Әсіресе, қаланың туристік орынға айналып келе жатқанын ескерсек, Сергек интеллектуалды қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесін орнату салмақты және саналы қадам деп айтуға болады.

Кім алаңдау қажет?

Жолдағы тәртіпті сақтаушы жүргізушілерге алаңдаудың еш қажеті жоқ. Қала тұрғындары өздерін қауіпсіз сезінгісі келеді және қаладағы қауіпсіздікті күшейту – аппараттық-бағдарламалық кешенді орнатушы компанияның басты міндеті. Сол себепті Түркістан қаласының қоғамдық орындарында, қылмысқа бейім аймақтарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің ауласында бейнебақылау камералары орнатылады. Сергек кешендеріндегі бейнебақылау камералары жолдың жүріс бөлігін ғана емес, оның маңайындағы аумақтарды да түсіреді. Камералардан алынған барлық ақпарат ситуациялық орталыққа жіберіледі.

Сергек қалайша «сергітеді»?

Сергек камералары жылдамдықты, көліктің бағдаршамның қызыл түсіне өтуін, тоқтау сызығын кесіп өтуді, қиылыс алдында дұрыс емес қатарға тұру (тоқтату сызығына бірнеше метр қалғанда қайта ауысу) және тыйым салған жерде тоқталуын тіркейді. Сергек жол жүрісі қағидаларының бұзулуын автоматты түрде анықтайды, алайда айыппұл салу туралы шешімді полиция инспекторы өзі қабылдайды. Айыппұл жіберілмес бұрын қызметкердің ЭСҚ қолы қойылады.

Айыппұл төлеу туралы ұйғарымды қайдан жүктейміз?

Айыппұл төлеу туралы ұйғарым келсе, құжатты https://erap-public.kgp.kz (Әкімшілік іс-жүргізудің бірыңғай тізілімінің бұқаралық секторы) сайтынан жүктеп алуға болады. Авторизациядан өту үшін ЭЦҚ қажет.

Егер сіз жол жүрісі қағидаларын бұзбадым деп ойласаңыз, бұйрықта көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалуыңыз керек. Шағымыңызды әкімшілік полиция өкілдеріне немесе электронды үкімет порталы арқылы хат жолдап жіберсеңіз болады.

Бейнежазбаны тексеру

Интеллектуалды жүйе мемлекет меншігіне өтіп, іске қосылғаннан кейін бейне материалдар мемлекеттік органдардың серверлерінде 30 күн бойы сақталады. Кешенді орнатушы жеке компания бейнелерге қол жеткізе алмайды. Жол жүрісі қағидалары бұзылған бейне жазбалар мерзімсіз сақталады. Алайда, айта кететін жайт, бейне жазбаны қылмыстық іс шеңберінде құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша немесе адвокаттың өтініш беруі арқылы ғана шығарып алуға болады.

Қаржы мәселесіне тоқталайық. Ақша қайдан бөлінеді?

Бастапқыда Сергек аппараттық кешендері жеке инвестицияның көмегімен орнатылады. Жоба мемлекет меншігіне өткеннен кейін жеке компания белгілі төлемді ала бастайды. Бұл төлемдер құрылысқа жұмсалған инвестиция мен жүйе қызмет ету үшін кеткен шығындарды өтейді. Инвесторға төлем бір уақытта қайтарылмайды, жобаның барлық бес жылдық кезеңіне бөлініп төленеді.

Айыппұлдан түскен ақша қайда кетеді?

Жол жүрісі қағидаларын бұзушылар төлеген барлық айыппұлдар жергілікті бюджетке түсіп, кейін облыс қажеттілігіне бөлінеді. Мемлекеттік мекемелердің заңдық және банктік реквизиттері бұйрықтардың түбіртектерінде көрсетілген.

Ғаламторда «Сергек» Қытайдың шпиондық бағдарламасы деген әңгімелер жетерлік …

«Сергек» қазақ тілінде «сезімтал, қырағы» дегенді білдіреді. «Сергек» кешені – 100% қазақстандық жүйе, бағдарламалық жасақтама және алгоритмдер жергілікті IT мамандарымен жазылған. Барлық деректер серверлері Қазақстан аумағында орналасқан.

Сергектің сертификаттары бар ма?

Сергек жобасы жеке компанияның ақпаратына сәйкес, қалалардағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 31 бабына сәйкес барлық аппараттық-бағдарламалық кешендер өлшем құралдарының типтік сертификаттарын иеленген және мемлекеттік тізілімге енгізілген. Сонымен қатар, аппараттық-бағдарламалық кешеннің әрбір бірлігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеріледі. Сертификатсыз, тексерусіз мемлекеттік органдар кешеннің жұмыс істеуіне жол бермейді. Сертификаттың нөмірі жол жүрісі қағидаларын бұзу туралы бұйрықтарда көрсетіледі.

Осылайша, Сергек аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнатудың басты мақсаты – қылмысты әшекерлеумен қатар қоғамдық орындарда олардың санын азайту, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының салдарынан болатын өлім-жітімді төмендету. Бұл өз кезегінде тұрғындардың түсініспеншілігін және қалалық ортаның дамуын талап етеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған