СЕЛ ТАСҚЫНЫН ТӨНДІРУ ҚАУПІ ЖОҚ

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, Түркістан облысының таулы аймақтарында сел тасқынын алдын алу бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тауда орналасқан мұздақ көлдерге тікұшақпен аэровизуалды шолу жүргізді. Ауа райының ысуынан таудағы қарлар мен мұздақтар еруі салдарынан сел қаупі болуы мүмкін деп болжанған учаскелер қаралды.

2022 жылғы шілде айының соңғы апталары ауа райының күрт жоғары көтерілуі күннің жылынуы 45 градус цельсийге жетуі облыс тұрғындары мен төтеншеліктерді алаңдатпай қоймады. Селдің алдын алу үшін Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Н.Рахымбердиев, Түлкібас ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Б.Азимбаев, «Казселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандарымен бірлесіп, ЕС-145 тік ұшағы 4000 метр дейінгі биіктіктегі Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының тауларындағы мұздық көлдердің және Сайрамсу, Өгем, Майдантал, Балдыбрек, Ақсу бассейндік өзендерге аэровизуалды шолу жасалып, сел қауіпі бар учаскелер қаралды. Нәтижесінде мұздық көлдердің жағдайы қалыпты, сел тасқынын төндіру қаупі жоқ екені анықталды.

Айта кетейік, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен, ауа райының күрт өзгеруіне, яғни, күннің жылуына байланысты селдің алдын алу үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен Табиғатты қорғау басқармасы мониторинг жүргізді. Оның қорытындысы облыс әкіміне баяндалды. Облыс әкімі таулы аудандардың тұрғындарын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында бірқатар ведомстволарға күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырды.

Түркістан облысының аумағында сел жүру қаупі бар 100 аумақ орналасқан. Оның зақымдану аймағы 4 280 550 шаршы метрді құрайды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған