«САУРАН АУДАНЫНЫҢ ДАМУ ЖОЛЫНДА КЕЛЕШЕГІ ЗОР»

Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев аудан жастарымен еркін форматта кездесті. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастырылуымен өткен шараға 100-ге жуық жас қатысты. Аудан бойынша 30 713 жас бар. Жұмыссыз жастар саны 861-і құрап отыр. Өткен жылы жастар практикасына 449 жас, алғашқы жұмыс орнына 43 жас, мемлекеттік гранттар бойынша 399 жас жұмыспен қамтылған. «2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба» аясында 2023 жылға жастар практикасына 650 азамат, алғашқы жұмыс орындарына 65 азамат, мемлекеттік грант бойынша 53 азаматтарды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жастарға арналған 2,5% несие бойынша 28 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Ауданның даму жолында келешегі зор. Мен аға болып алдарыңызда жол бастап жүрейін, сіздер маған көмектесіңіздер. Туған жерді түлету үшін менімен бірге жұмыс жасауға шақырамын, – деп бастады сөзін аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы.

Жиын барысында аудан басшысының жеке өміріне қатысты сұрақтар қойылып, жастар тарапынан ұсыныстар айтылды. «Ғалымжан аға, егер әкім болмасаңыз кім болар едіңіз»- деген сұраққа:

– Әкім болмасам генерал болар едім. Әскери адамдарды қатты құрметтеймін. Әскери кітаптарды оқыдым, киноларын көп көрдім. Қатты еліктедім. Бірақ, өмір арнасы мені мемлекеттік қызметке бұрып алып келді. Экономика саласын меңгердім. Мемлекеттік қызметте сатылап өсіп келемін. Өсу үшін адам алдымен алдына дұрыс мақсат қоя білу керек. Ер азаматтарымызға артылар жүк ауыр. Отанды, отбасын, аналарды қорғайтын азаматтарды тәрбиелеуіміз керек, – деді аудан әкімі.

Жиын барысында жастар жағы арнау айтып, күй орындап, әннен шашу шашты. Викториналық сұрақтар қойылды. Жастар арасындағы проблема да көтерілді. Аудан әкімі алдағы жасалынатын жоспарларға да қысқаша тоқталып өтті. Шара соңында аудан әкіміне жастар тосын сый жасады. Ол – әкімнің жиында отырған бейнесі салынған сурет. Екі сағатқа созылған жиында:

– Ел дамып жатыр, жас уақыттарыңызды босқа өткізбеңіздер. Абыройлы азамат болуды бүгіннен ойлаңыздар. Бұл менің ағалық ақылым, – деп қорытындылады аудан басшысы.

Емен-жарқын жиын соңында аудан әкімімен жастар естелік суретке түсті. Мұндай кездесу үш ай сайын өткізіледі деп жоспарлануда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған