САРЫАҒАШТА СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Сарыағаш ауданы әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан аумағындағы су басу қауіпі бар аймақтар анықталып, көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары жалғасуда. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осыған орай бүгін Құркелес ауылдық округіне қарасты Ақүй және Дастан елді мекендерінде арнайы техникалардың көмегімен қашыртқылар тазаланып, арналары кеңейтілуде.

Сондай-ақ, Сарыағаш қаласы аумағында және елді мекендерде төтенше жағдайлардың алдын алу, болдырмау мақсатында су басу қаупі бар ішкі көшелердегі арық-атыздар мен қашыртқыларда судың ағуына кедергі келтіретін ағаш-бұталардан және қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық әкімдік тарапынан тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылып, жағдай толықтай бақылауға алынған. Аудан аумағындағы жағдай тікелей аудан әкімінің бақылауында.

Айта кету керек, күннің күрт жылынып, жаңбырдың тоқтаусыз жауу салдарынан аудан аумағындағы елді мекендерде су басу қауіпі жоқ емес. Осыған байланысты аудан әкімінің тапсырмасымен қала, кент және ауылдық округтерде арық-атыздар мен қашыртқыларды тоқтаусыз тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Осыған орай ауданда төтенше жағдайдың алдын алу және аудан тазалығын сақтау мақсатында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке қала, кент және ауылдық округі әкімдіктері, бюджеттік мекемелер қызметкерлері және ауыл тұрғындары атсалысып, республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойында, арық-атыздарда жинақталған, бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды жинау, көпір астындағы құбырларды тазалау жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да ауданның тазалығын сақтау мақсатында сенбілік жұмыстары жүйелі жалғасатын болады.

Ауданның әр тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, бұл олардың аудан тазалығына қосқан үлесі болмақ. Барлық аудан тұрғындарын тазалыққа шақырамыз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған