САЛТАНАТ ТҰРСЫНБЕКОВА ҚОСТАНАЙДА ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРМЕН ЖӘНЕ ЗАҢГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

«Мен әйелдерге арналған квоталармен мүлде келіспеймін». Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткер Салтанат Тұрсынбекова Қостанайда құқық қорғаушылармен және заңгерлермен өткен кездесуде осылай деп мәлімдеді.

Кездесу кезінде кандидат елдегі басшылық қызметтегі әйелдердің құзыреттілігі төмен екенін жасырмады. «Қазақстандағы басшылық лауазымдардағы гендерлік өкілдіктің жағдайы аса мәз емес. Әйелдер ел халқының басым бөлігін құраса да, басшылық қызметтегі әйелдер саны өте аз. Құзыреттілік жоқтығынан әйелдердің пікірі ескерілмейді», деді ол.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының халқы 19 млн адамды құрайды, оның 52 пайызы – әйелдер. 2020 жылғы есепке сәйкес, елімізде жұмыс істейтін әрбір екінші әйелдің (47,3%) жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар. Жоғары білімді жұмыспен қамтылған ерлердің үлесі небәрі 38,1%.

«Біздің елде әйелдер көп, олардың арасында білімдісі де жетерлік. Бірақ басшылық қызметтерде көзге көрінетін теңгерімсіздік бар. Оған мына жағдайларды мысал ретінде алуға болады: қазір бізде облыс немесе республикалық маңызы бар қаланың бірде-бір әйел әкімі жоқ. Тек екі әйел министр бар. Соның өзінде әдеттегідей әйелдер ғана басқаратын денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау салалары. Парламенттегі әйелдердің саны үштен біріне де жетпейді», деді С.Тұрсынбекова.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған