САЛТАНАТ ТҰРСЫНБЕКОВА АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖИЫНДА АНА МЕН БАЛА МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ

«Ана мен бала өлімінің деңгейі ел медицинасының нақты бет-бейнесін көрсететін маңызды дерек болып саналады. Бұл мәліметтер мемлекеттегі өмір сүру деңгейінен де хабар береді». Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Атырау қаласында өткен жиында еліміздегі ана мен бала өлімі туралы ойын осылай жеткізді.
Кандидат ана мен бала өлімінің деңгейі халықаралық рейтингтерде де көрсетілетінін ескертіп өтті. «Қазақстанда бұл көрсеткіштер бұрыннан өсіп келе жатқанымен, соңғы уақытта асқан жылдамдықпен өсе бастады. Біз әрбір әйел мен сәбидің өмірі үшін күресуіміз керек», деді С.Тұрсынбекова.
Кандидат Ranking.kz деректеріне сілтеме жасай отырып, бірнеше цифрларды алға тартты. Ұлттық жоспарға сәйкес, ана өлімі 2021 жылы 100 мың туғанға шаққанда 35-тен төмен болып, 2025 жылға қарай 10-ға дейін төмендеуі керек. Ал іс жүзінде 2021 жылы бұл көрсеткіш 44,7-ні құрады. Атырау облысында ана өлімінің нақты көрсеткіші күтілгеннен үш есеге жоғары болғанын атап өткен жөн.
«Соңғы уақытта балалар өлімі бойынша мәліметтер де көңіл көншітпейді. Жыл соңына дейін Қазақстанда нәресте өлімі 1000 туғанға шаққанда 7,6-ға дейін төмендеуі керек еді. Алайда көрсеткіш керісінше республика бойынша орта есеппен 8,44-ке дейін өсті», деді Салтанат Тұрсынбекова.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған