САЙРАМДА СУ ТАСҚЫНЫ ҚАУПІ БАР АЙМАҚТАР ҚАДАҒАЛАУҒА АЛЫНДЫ

Сайрам ауданының аумағында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында аудандық су тасқынына қарсы комиссиясының кезектен тыс отырысы өткізілді. Отырыс барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тарапынан берілген хаттамалық тапсырмаларды орындау мақсатында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушысы Мадияр Оразалиев су басу қаупі бар аумақтарды арнайы аралады. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аралауға аудан әкімі аппаратының тиісті бөлімдері, аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, ауылдық округтерінің әкімдері, «ELNUR TV» телеарнасының тілшісі және аудан әкімінің баспасөз қызметі қатысты.

Аудан аумағындағы су басу қаупі бар аймақтардан Құтарыс, Арыс, Қарабұлақ, Көлкент, Қайнарбұлақ ауылдық округтерінде болып, ауылдық округтерінің су тасқынына дайындығы, қажетті құм және қаптармен қамтамасыз етілуі, су басу қаупі бар аймақтар картасының бар болуы, су тасқыны орын алған жағдайда жұмылдырылатын техникалар мен мотопомпалардың дайындығымен танысты.

Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу комиссия отырысында аудандық ауылшаруашылығы бөліміне аумақтағы каналдар, өзендер мен су қоймаларындағы судың деңгейін анықтап, оларға тұрақты бақылау жүргізу, қажет болса ондағы суды алдын ала азайту шараларын жүргізу тапсырылды.

Осындай мақсатта өткен аралау алдымен Қайнарбұлақ ауылдық округінде басталды. Бірнеше жылдан бері Қасымбек Датқа ауылындағы М.Мүтәлі көшесінде жер тоң басқанда немесе толассыз жауын-шашын салдарынан су мөлшерінің көбеюінен елді мекеннің көшесіне су толу жағдайы орын алып келген болатын. Бүгінгі таңда осы мәселені оңынан шешу мақсатында аталған көшеден өтіп, келесі екі көшені біріктіретін арық-атыздар қажетті техникалардың көмегімен қазылды. Ұзындығы 3 шақырым канал, 4 шақырым арық, 1,5 шақырым қашыртқы тазаланды.

Ал, Дәрия көшесіне техниканы жұмылдыра отырып, 4-5 күн ішінде арықтарды ашу жұмыстары ауылдық округінің әкімі Е.Дүйсебаевқа тапсырылды.

Айта кетелік, су тасқынын алдын алу үшін Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімшілігі және «Ырысдәулет» өндірістік кооперативінің арасында келісімшарт түзілді. 5 ерікті жұмысқа тартылып, 1 камаз, 1 су сорғыш техникасы, 10 текше метр құм, 1000 қап құм дайындалған. Аудан әкімдігі тарапынан осы бағыттағы жұмыстар бақылауға алынып, жалғасын табатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған