Сайлау-2022: ОСК шет елдердегі 68 сайлау учаскесінің қызметкерлерін оқытады

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстаннан тыс жерлерде сайлау өткізетін 68 учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқытады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтып берді.
«Орталық сайлау комиссиясы дәстүрлі түрде сайлау процесіне қатысушыларды оқыту мәселесіне жіті көңіл бөледі. Мәселен, біз саяси партияларға, мүгедектігі бар адамдарға, жастарға, БАҚ және ҮЕҰ өкілдеріне арналған оқыту семинарларын өткіздік. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстаннан тыс жерлерде сайлау өткізуді қамтамасыз ететін 68 учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін оқыту семинарын өткізеді», – деді Нұрлан Әбдіров шетелдік дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингте.

Сонымен бірге, спикер қыркүйек айында Орталық сайлау комиссиясы жанынан сайлау процесінің өзекті мәселелеріне жастардың назарын аудару, олардың сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында Жас сайлаушылар клубы құрылғанын хабарлады.
Спикердің айтуынша, ҚР ОСК мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Атап айтқанда, инватакси, сурдоаударма, тактильді жолдар мен Брайль трафаретін қолжетімді ету жөнінде жергілікті комиссияларға тапсырмалар берілген.
«Орталық сайлау комиссиясы жанынан мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы құрылды және белсенді жұмыс істейді, оның құрамында мүгедек азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі беделді республикалық және өңірлік бірлестіктердің өкілдері бар», – деп толықтырды Нұрлан Әбдіров.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған