ОТЫРАРДА ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың төрағалығымен штаб отырысы өтті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен отырысқа аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, Төтенше жағдайлар бөлімі, мекеме басшылары қатысты. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын барысында жауын-шашынның мөлшерден артық түсуі, ауа райының күрт жылынуынан қардың тез еруіне байланысты Сырдария, Арыс өзендеріне жақын орналасқан елдімекендерде қауіпсіздік шараларын күшейту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Сондай-ақ, аудан басшысы ауа райының қолайсыздығына байланысты аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы штаб мүшелерінің мәлімдемелерін тыңдады.

Бүгінде елдімекендерде қауіптің алдын алу бойынша арнайы техникалардың көмегімен су ағып өтетін өткелдер тазартылып, дамбылар күшейтілуде.

– Тиісті мекеме басшылары штаб мүшелерімен өзара тығыз байланыста әрекет етуі тиіс. Біз барлық ықтимал нұсқаларды қарастырып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін әзірлікті күшейтуге тиіспіз, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов су тасқынының алдын-алу шараларын ұйымдастыру мақсатында сел басу қаупі бар жерлерді арнайы аралады. Аралау барысында бірінші кезекте аудан аумағындағы каналдар мен қашыртқылардың қазіргі жағдайымен танысты. Жауын-шашынның мөлшерден артық түсуі, ауа райының күрт жылынуынан қардың тез еруінен Арыс өзені көтерілу қауіпі ауыл тұрғындарын әбігерге салады. Осындай қауіптерің алдын алу мақсатында аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, дамба көтеру және арналарын тазарту жұмыстарымен қатар, құм салынған қаптарды төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімі жиналған сала басшыларына су тасқынының алдын алу мақсатында күшейтілген режимде атқарылып жатқан жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 4-5 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), сондай-ақ, температуралық фонның жоғарылауы, қардың белсенді еруі, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейі көтеріледі деп болжанып отыр.

Осыған байланысты өзен бойларындағы тоғай айналасында жүрген жан-жануарларды қауіпсіз аймақтарға шығаруды және балалар мен жасөспірімдердің қауіпті аумақтарға бармауын сұранады.

Айта кету керек, жауын-шашын көптеп түсуі мен ауа райының күрт жылуы әсерінен Сырдария және Арыс өзендеріндегі қатқан мұздардың еруі апаттық жағдай туғызуда.

Осыған байланысты аудан әкімі С.Сұлтанхановтың тапсырмасына сәйкес қауіпті аймақтарда апаттың алдын алу жұмыстары қарқынды атқарылуда. Сондай-ақ, аталған іске ауданымыздың бір топ ерікті жастары да апатты жағдайдың алдын алу шараларына белсене қатысып жатыр.

Бүгінде Қарақоңыр, Сарыкөл елдімекендерінде су басу қаупі бар арық-атыздар мен жыраларды арнайы техника көмегімен тазалау, бөгеттер қою жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, су басу қаупі бар елдімекендердің айналасы құм салынған қаптармен бекітілуде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған