Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың тапсырмасына сәйкес, су алу қаупі бар аймақтарды алдын ала анықтау бойынша штаб құрылған. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Нәтижесінде, елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін жерлер анықталып, оларға шұғыл әрекет ету картасы жасалынды.
Аудан басшысының тапсырмасын алған тиісті бөлімдер, ауыл әкімдері каналдардың, қашыртқылардың, арық-атыздардың бетінде қатқан мұздары арнайы техникалардың көмегімен тазалауға кірісіп кетті. Қауіпті (су деңгейі артқанда асып-тасып кететін тұстар) делінген нүктелерге дамбалар жасалынды. Құм салынған қаптар қойылды. Яғни, ауданда су тасқынының алдын алу жұмыстары тиянақты жүргізілді.
Мамандарға ауыл тұрғындары да қолдарынан келгенше көмектерін аямады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, су тасқынының алдын алу бойынша тынымсыз еткен еңбектің арқасында елді мекендер топан судан аман алып қалынды.