ОРДАБАСЫДА СУ ДЕҢГЕЙІ ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙДА

Ордабасы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың 2 ақпан күні таңғы уақыттан бастап жауын-шашынның көп түсуіне және таулы жерлерде қардың еруі салдарынан 4 каналдың (Құртай, Найман, Бозшымыр, Теспе) су деңгейінің көтерілуі орын алған болатын. Бүгінгі таңда төтенше жағдай бөлімі мен жергілікті атқарушы орган тарапынан ағынды суларды тазарту жұмыстары атқарылып, қатаң бақылауға алынған. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Одан бөлек, 3 жеке тұрғын үй аумағы, 2 көше бойындағы жиналған көлшіктерді суларды сору жұмыстары жүргізілді. Ауданда жағдай тұрақты. Су басқан үйлер мен зардап шеккендер жоқ.

Жалпы 10 техника, 4 мотопомпа, 68 адам жұмылдырылған.

Ордабасы ауданында еріген қардың және жаңбырдың сулары сай-салалар арқылы қашыртқыларға, каналдарға түсіп, қалыпты жағдайда ағып жатыр.

Қалыптасқан жағдайды бақылау мақсатында аудан әкімі Нұрбек Бадырақов, әкімнің орынбасарлары, жауапты бөлім және мекеме басшылары, ауылдардың әкімдері су тасуы болатын аумақтарда болып, төтенше жағдайды болдырмау мақсатында тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берілді.

Аудан аумағындағы «Бөген» (сыйымдылығы 370 млн. куб, жиналғаны 217,31 млн. куб келген. Келген судың көлемі 34,40 м/сек. Шығып жатқан судың көлемі 25,00 м/сек).

«Бөржар» (сыйымдылығы 3 млн. куб, жиналғаны 2,5 млн. куб. Келген судың көлемі 3 м/сек.м3. Шығып жатқан судың көлемі 3 м/сек.м3).

«Теспе» (сыйымдылығы 2,5 млн. куб, жиналғаны 2,2 млн. куб. Келген судың көлемі 3 м/сек.м3. Шығып жатқан судың көлемі 3 м/сек.м3).

Су қоймаларындағы су деңгейлері қалыпты жағдайда. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп аудан әкімдігі тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып қатаң бақылауға алынған.

Аудандағы Төрткүл ауыл округіне қарасты Нұра ауылына кіре берістегі сумен шайылған жолға үлкен диаметрлі труба салынып, көліктер мен жаяу жүргіншілердің емін-еркін жүріп өтуі үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Айта кету керек, аудандағы 4 каналдың (Құртай, Найман, Бозшымыр, Теспе) су деңгейі түскен. Ондағы су бір қалыпты ағып жатыр. Аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың тапсырмасына сәйкес аталған каналдардың бетіндегі мұздақтар арнайы техникалардың көмегімен тазаланды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған