ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Шіліңгір шілде еліміздің ең ыстық аймағы оңтүстік өңірлерде дала орман өртінің қаупі жоғарылай түсетіні белгілі. Сондықтан Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қауіпсіздікті барынша күшейтуге көңіл бөледі. Түркістан облысы Ордабасы ауданында да сақтық шаралары пысықталды. Бұл жолғы іс-шара Бөржар ауыл округінде ұйымдастырылды.

Биылғы жылы көктем жауын-шашынды болып, қырдағы шөп қалың шыққан болатын. Сол себепті егіс даласынан бөлек аудандағы күре жолдардың бойындағы жайылым жерлерде де қауіпсіздік шаралары күшейтіліп отыр. Дала өртінің алдын алу бойын аудан әкімімен жоспар бекітілген.

Айта кетейік, Ордабасыға қарасы 10 ауыл округтеріндегі жайылым жерінің 30 пайызы Бөржарда ауыл округінде. Азаматтық қорғау туралы заңына сәйкес орман дала өртін сөндіру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.

Ордабасы ауданы бойынша 107 мың гектарға жуық жайылым жер бар. Оның 32 мыңы Бөржар ауыл округіне қарасты. Аумақта облыстық аудандық маңызға ие 6 күре жол бар.

Аудан бойынша ең ірі орман шаруашылығы да Бөржар ауыл округінде орналасқан. Бадам орман шаруашылығында 252 гектар тұқымбақ бар. 2019 жылы тағы 100 гектар жерге шыбық қондырылған. Ол аймақтың да шөбі қалың.

Ордабасы ауданында жыл басынан бері 21 жану оқиғасы тіркелген. Салдарынан 53 гектар жайылым жер өртке оранған. Дегенмен дер кезінде өрт ауыздықталып, үлкен қауіптің алды алынды. Былтыр 74 өрт оқиғасы болған екен. Төтеншеліктер бүгінгі таңда халықтың көзқарасы өзгергенін айтады. Салғырттықтың салдарынан жайылымнан айрылуға болмайтынын жұрт жақсы түсінеді. Аудандағы 10 ауылдық округте 10 ерікті өрт сөндіру тобы құрылған. Әр округте 10 уақытша өрт сөндіру бекеті ашылған.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған