Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, онда ауыл округтердегі су тасқынының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың және келтірілген шығындардың барысы, сондай-ақ БАҚ-та жарияланған сыни материалдар бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылдың 5 және 30 қаңтар күндері аудан әкімінің төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілген. Аталған комиссияда су тасу қаупі бар каналдар, арық-атыздар анықталып, арнайы әрекет ету шарасы бекітілген. Нәтижесінде аудан басшысының тапсырмасы бойынша елді-мекендерге қауіп төндіруі мүмкін каналдар мен қашыртқылар алдын-ала арнайы техникалардың көмегімен тазартылған. Сондай-ақ су шайып кеткен кейбір учаскелерді (шағын көпірлер, ауылға кіре беріс жолдар) қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев баяндады.
Өз кезегінде, аудан әкімі тиісті сала мамандарына, ауыл әкімдеріне аталған мәселеде босаңсуға болмайтындығын қатаң ескертіп, ұйымдастыру – инспекторлық бөліміне құмдарды қаптау жұмыстарын жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысхақ өткен жылы БАҚ-та (телеарна, газет, сайт, әлеуметтік желі) ауыл округтерге, салаларға байланысты жарық көрген сыни материалдар бойынша баяндама жасап, әр материал бойынша берілген жауаптардың сапасына тоқталды.
Аудан басшысы ауыл әкімдеріне, сала басшыларына БАҚ-та жарияланған сыни материалға жауаптарды нақты, мерзімінде ішкі саясат бөліміне жолдап отыруды тапсырды. Сондай-ақ тиісті бөлімге күн сайын жарық көрген материалдарға тұшымды талдау жасап отыруды міндеттеді.