МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУЛАРДЫҢ ЖЫЛДАМ ӘРІ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ҮЙЛЕСТІРІЛУІ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

Түркістан облысында жалпы егіс алаңы артып, 860 мың гектарды құрады. Өңірде көктемгі дала жұмыстары белсенді жүруде. Егістікті әртараптандыруға сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артып, 318 мың гектарға жеткізілді.

Сондай-ақ мал азықтық дақылдары, көкөніс, картоп, бақша дақылдары артты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық кеңесте көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы баяндалды. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында биыл ерте пісетін қырыққабат 7,5 мың гектарға, сәбіз 1,2 мың гектарға, пияз 1,9 мың гектарға, картоп 9 мың гектарға егіледі. Болжам бойынша сәуір-шілде айлары аралығында 459,3 мың тн. өнім жинау жоспарлануда.

– Дала жұмыстары бойынша барлық аудан жоспарды орындауы тиіс. Кейбір аудандарда көрсеткіш төмен екенін көріп тұрмыз. Жұмысты жандандырыңыздар. Жаздық дақылдарға арналған алқаптарды әзірлеу, сор шаю жұмыстарын жеделдету керек. Шаруаларға берілетін көмектердің жылдам әрі жүйелі түрде үйлестірілуі бақылауда болады, – деді Дархан Сатыбалды.

Тауар айналымы бойынша өңіраралық байланыстарды нығайту мақсатында 6440 тонна ерте пісетін көкөніс өнімдерін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісім шарттарға қол қойылды.

Бүгінгі күнге Жетісай, Мақтаарал аудандарында 100 гектарға қырыққабат егілді. Күздік астық көлемі – 189,3 мың гектар. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың баяндауынша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 48,2 мың теңге арзан бағамен жанармай бөлінді.

– Мұнай өңдеу зауыттарынан ақпан айына бөлінген жанар-жағармайды операторлар тарапынан сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Агроқұрылымдарға литрі 200-202 теңгеден босатылатын болады. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 4,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін несиелендіру жұмыстары облыста алғашқы рет желтоқсан айында басталды. Несие серіктестіктері арқылы жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 4,55 млрд. теңгеге 526 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі несиелендірілді. Қосымша 4 млрд. теңге қаржы қажеттілігі жөнінде ҚР АШМ-не ұсыныс енгізілді, – деді Н.Мырзахметов.

Облыс бойынша тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті масақты дақыл, мақсары, мақта, жоңышқа және жүгері тұқымдары бар. Тұқым шаруашылықтарын қолдауға облыстық бюджеттен 600 млн. теңге қаржы бөлінді.

Мақта егу науқанын тиімді жүргізу мақсатында жыл басында Қазақстан мен Түркия арасындағы тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы арнайы Меморандумға қол қойылды. Қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен Түркия Республикасынан шақырылған «PROgen» компаниясы аурулар мен зиянкестерге төзімді 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымын жеткізуге қол жеткізілді. Нәтижесінде 40 мың гектар мақта алқабы элиталық тұқыммен қамтамасыз етіледі.

Облыста 500 түрлі минералды тыңайтқыштардың құнын 50%-ын субсидиялауға 6,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 331,3 мың гектар егістік алқаптар тыңайтылады.

Облыс аумағында минералды тыңайтқыштар тапшылығын болдырмау үшін отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум рәсімделді. Меморандум негізінде «ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қуаттылығын есепке ала отырып, облысқа жалпы көлемі 60 мың тонна аммиак селитрасын жеткізу келісілді. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күнге «Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасының қаулысы қысқа мерзім ішінде бекітіліп, өтінім қабылдау басталды.

Жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығын қолдауға 600 млн. теңге, басым дақылдардың өндірісін субсидиялауға 432,1 млн. теңге, сатып алынған пестицидтер мен биогенттерді 50% субсидиялауға 372 млн. теңге, ағын суды жеткізу құнын субсидиялауға 150 млн. теңге, ауыл шаруашылғы техникаларының 25% құнын субсидиялауға 1,5 млрд. теңге қаржы қарастырылды.

Биылдан бастап барлық мемлекеттік қолдаулар субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі gosagro.kz веб порталы арқылы тегін жүргізіледі. Облыста 24 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Дала жұмыстарына техникалардың дайындығы толық дайын. Биыл 1346 бірлік жаңа техника сатып алынады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған