МАҚТААРАЛДЫҚТАР ҚОСТАНАЙҒА 23 ТОННАДАН АСТАМ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖОЛДАДЫ

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен мақтааралдықтар бір түннің ішінде өрттен зардап шеккен қостанайлықтар үшін 23 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Бүгін таң сәріде аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Сүндет Кенжебаевтың басшылығымен үлкен жүк көлігі алыс жолға аттанды. Жалпы гуманитарлық көмекті жинауға жергілікті меценат кәсіпкерлер, аудан тұрғындары және ерікті жастар белсене атсалысты.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров іс-шараға басшылық жасап, өте аз уақыттың ішінде қостанайлықтардың сұранысына сай ең бірінші қажетті азық-түлік өнімдерін, гигиеналық заттар мен төсек-орын жабдықтарының жиналуына түрткі болды. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың депутаты М.Әжіқабылов, аудандық дербес бөлімдердің басшылары Б.Анарбеков пен Б.Әлімқұл қайырымдылық шарасын ұйымдастыруда белсенділік танытты.
– Мақтааралдықтар тасқын судан зардап шеккенде бүкіл Қазақстан халқының, оның ішінде қостанайлықтардың көмегін ұмытқанымыз жоқ. Міне, бүгін сол қостанайлық бауырларымыздың басына түскен қайғы-қасіретті бөлісу үшін ең алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмекті жіберіп отырмыз. Біздің күшіміз – бірлікте. Біріксек қана бұл қиындықты да жеңе аламыз. Біз біргеміз, Қостанай! – деді Нұрбол Жақсылықұлы.
Айта кетейік, азық-түлік өнімдерінің ішінде ұн, күнбағыс майы, ас тұзы, макарон, күріш, қарақұмық, маш, бұршақ, шекер, тез дайындалатын кеспе, пияз, печенье және ауыз су өнімдері бар. Сондай-ақ қағаз майлықтар, жаялықтар, әжетхана қағаздары мен 200 дана төсек орындары жүк көлігіне тиелді.


Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған