Мақтаарал ауданында қыс жылдағыдан қатты болып, қар әдеттегіден екі есе көп түсті. Алдағы уақытта күннің күрт жылынуынан су басу қауіптері жоқ емес. Осыған байланысты аудан әкімінің тапсырмасымен аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары бірқатар елді мекендерде болып, сондағы қашыртқылардың, су реттегіштердің және қар суының жиналатын орындарының жағдайын көрді. Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы аудан аумағында су тасқынына алып келетін өзен, көлдер, су қоймалары, гидротехникалық құрылыстар жоқ. Дегенмен, Өзбекстан Республикасы «Сырдария» аумақтық су шаруашылығы бірлестігінің есебіндегі «Достық» магистралды каналы арқылы ауданымызға ағын су жеткізіледі. Қазіргі таңда каналдың қауіпті болатын авариялық аймақтары жоқ. Соған қарамастан, каналға бақылау бекеттері ұйымдастырылып, диспетчерлік кезекшілік қойылған.
Негізінен, Мақтаарал ауданында жыл сайын ақпан, наурыз айларында жауатын нөсер жаңбыр мен егістік жерлерді қысқы сор шаю жұмыстарын жүргізу салдарынан жер асты суларының деңгейі көтеріледі. Егістік жерлердің қысқы сор шаю жұмыстарының көктемге дейін созылуы, көктемгі жауын-шашынға ұласып, жер астына сіңбей, аумақтардан су тартып шығару қиындап, тұрғын үйлердің аулаларын су басады. 2022 жылы наурызда 1 ай бойы жауған жаңбыр көптеген тұрғындарымызға қолайсыздық тудырған еді.
Аталған төтенше жағдай оқиғалары ескеріліп, былтырдан бері Атакент кентінде 4 көшеге жаңадан лотоктар салынды. Аудан көлемінде 147,86 км ирригациялық жүйелер және арық-атыздардың арналары тазаланды. Кенттер мен елдімекендердің ішінде орналасқан 38 тік дренаж 100% қосылуға дайын тұр. Сондай-ақ, егістік жерлерде орналасқан 145 тік дренаж да іске қосылуға дайын. Бұдан бөлек, су басу және су тасқыны мерзімінде қажет жағдайда шұғыл жеткізілетін 84 мотопомпа сақадай сай тұр.
Айта кетейік, кез келген су тасу және авариялық жағдайларға қарсы тиісті техникалар, құрал жабдықтар мен инертті материалдар ретке келтірілген.