КООПЕРАТИВТЕР ҮШІН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СУБСИДИЯЛАРДЫҢ ҚАРАСТЫРЫЛҒАНЫН ТҮСІНДІРДІ

Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің «Ауыл аманаты» атты ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған жобасы бойынша құрылған арнайы жұмысшы топ Мақтаарал ауданына келіп, ауданның тұрғындарымен кездесу өткізді. Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров төрағалық еткен жиынға ауданның кәсіпкерлері, шаруа қожалықтары және кәсібін бастамақшы болған азаматтар қатысты.

Жұмысшы топтың құрамында «Түркістан» Әлеуметтік-кәсіпкерлік коопорациясы» АҚ басқармасы, облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшылары, екінші деңгейлік банк өкілдері, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «Оңтүстік» Аймақ инвестициялық орталық» ЖШС-і, Аграрлық несие корпорациясы, «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС-і, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» облыс бойынша өңірлік филиалының басшылары мен арнайы мамандары бар.

Кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл халқының табысын арттыру бойынша өз кәсібін ашуға ниет білдірген азаматтарға ауыл шаруашылығының 6 бағыты аясында азаматтарға және жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық несие берілетіндігі, ірі кәсіпкерлікті дамытуға 6 пайыздық несиелеу мен мемлекеттік қолдаулар, ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру, кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялардың қарастырылғаны түсіндірілді.

«2023 жылы Түркістан облысына 21-35 жас аралығындағы жастарға жалпы 2,9 миллиард теңге микроқаржы бөлініп отыр. Несие беру шарты бойынша микроқаржы мерзімі  5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін, микроқаржы мөлшері 5 миллион теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі 2,5% және кепіл мүлкінің болуы міндетті» – деді мамандар.

Айта кетейік, жиын барысында тұрғындар тарапынан жұмысшы топ мүшелеріне сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған